Хоккей

Дамир Рыспаев: «Барыс» ойыншылары ешқашан ешкімге есе жібермейді

Дамир Рыспаев: «Барыс» ойыншылары ешқашан ешкімге есе жібермейді
news-banner7
mobile-news-top

«Астана» Президенттік клубтың құрамына кіретін «Барыс» хоккей клубының Құрлықтық хоккей лигасына биылғы дайындығы ерекше. Команда алысқа шапқыламай, дайындықтарын Астанада жүргізуде. Ал сенбі күні клуб жаңа маусым қарсаңында көпшілікке жаңа ойыншыларын таныстырып, жанкүйерлерімен ашық кездесу өткізді. Оған ПКСК тілшісі де қатысып, тафгай Дамир Рыспаевпен сұхбаттасқан еді.

- Дамир, жаңа маусымнан не күтеміз?

- Дайындық өте тыңғылықты жүріп жатыр. Жаттығуымызға барлық жағдай жасалған. Алда екі жолдастық турнир күтіп тұр. Сол жерде дайындығымызды тағы бір пысықтаймыз. Клуб басшылығы алдымызға турнир кестесінде неғұрлым жоғары көтеріліп, плей-офф кезеңінде барынша ұзақ шабуымызды мақсат етіп қойды. Өзіміз де бәрін жақсы түсінеміз. Бұйыртса, Гагарин кубогын ұтып алғымыз келеді. Ең бастысы, жанкүйерлерімізді жарқын ойындарымызбен қуанта беруіміз керек.

- Сенбі күні клуб жаңа маусым қарсаңындағы таныстырылым кешін өткізді. Бұл кеш несімен есіңізде қалды?

- Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жай ғана кездесу болғанына қарамастан жанкүйерлер де өте көп келді. Болашақ ізбасарларымызбен жүздесіп, Балалар үйлерінен келген балақайлармен кездестік. Командаға қосылған жаңа ойыншыларды да көпшілікпен таныстырдық.

- Жаңа ойыншылар демекші, олар командаға қаншалықты сіңісіп кетті?

- Бірден тіл табыстық. Өте тәжірибелі ойыншылар екендіктері көрініп тұр. Бұрын да жоғары деңгейде ойнаған. Команданың алдыға қойған мақсатына жету жолында бізге көмектеседі деп ойлаймын.

- Биыл «Барыс» өз тарихында бірінші рет жаңа маусым қарсаңындағы жаттығуын Астанада өткізіп жатыр. Бұл жаңашылдықты қалай қабылдадыңыздар? Әлде, түзде жаттыққан дұрыс па еді?

- Шынын айтсам, қайда жаттықсам да бәрібір. Біз үшін ең бастысы, маусымға жақсылап дайындалу. Шетелдегі жиынды Астанада да өткізуге болады екен. Соны ұқтық. Мұнда да жаттығуға бар жағдай жасалған. Айырмасы жоқ. Бәрі өзімізге байланысты.

- Дамир, биыл сіздің тарапыңыздан қанша төбелес көреміз?

- Төбелес болмайды. Тек қатаң хоккейді көресіздер. Ешқашан ешкімді аяған емеспін. Сол мәнерімнен қайтпаймын. Бәрі де ойын шеңберінде.

- Сізді жақында әлеуметтік желі арқылы «Астана» хоккей клубының ресейлік шабуылшысы Артем Фукс төбелесуге шақырыпты. Бұған не деп жауап бердіңіз?

- Бірнәрсе қажет болып жүрген шығар. Не екенін білмеймін.

- Командаға жаңадан қосылған канадалық Патрис Кормье де тафгай деп естідік. Енді екеуіңіз де төбелесесіздер ме?

- Ол тафгай емес, орталық шабуылшы. Алпамсадай денесі бар. Бірақ, басты міндеті төбелес емес. Жалпы, жақсы жігіт. Командада мінезді жігіттердің көп болғаны жақсы ғой. «Барыста» ешқайсымыз да есемізді жібермейміз.

- Президент кубогы жақындап қалды. Дайындықтарыңыз қалай?

- Міне, бес күндік жаттығуларымызды аяқтадық. Бәрі ойдағыдай өтті. Толық дайынбыз деп айта аламын.

- Команданың жаңа бас бапкері Андрей Скабелка қорғаныс арқылы ойнайтын маман деп жатыр...

- Жоқ, керісінше, біз агрессивті ойын үлгісін көрсетіп, көбіне ойынды шабуылда өткізуге тырысамыз. Жаңа маусымда «Барыс» тарапынан жылдам хоккей көресіздер.

- Жанкүйерлеріңізге не айтасыздар?

- Бізді қолдап келген барша жанкүйерлерімізге рахмет! Жаңа маусымда да бізбен бірге боласыздар деп үміттенеміз. Қолдаушыларымыздың арасында «Астана» Президенттік клубы да бар. Олардың «Барыстың» өмірінде алатын орны ерекше. Бізге сенім артып отырған барлық отандастарымызды жарқын жеңістерімізбен қуантуға барымызды саламыз.

Түпнұсқасы: presidential-club.com Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер