Жеңіл атлетика

Гүлжанат Жанатбек Азия ойындарына Кенияда дайындалады

news-banner7
mobile-news-top

Еліміздегі танымал марафоншылардың бірі, 2015 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Гүлжанат Жанатбек Кенияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді, деп жазады жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты.

Биылғы маусымда Алматының облысының спортшысы бірде-бір республикалық жарыстарға қатысқан жоқ. Ендігі мақсаты Жакартада өтетін Азия ойындарына дайындалу. Бір өкініштісі, Гүлжанат 4 жылда бір өтетін Азия құрлығының Олимпиадасына толыққанды жаттыға алмады. Себебі, ол Азия ойындарына қатысатынын тек шілденің ортасында естіп білді. Оған дейін спортшы күздегі танымал марафондардың бірінде бағын сынауға оқталып жүрген.

Дегенмен, марафоншы бар күш салып, Жакартада жақсы нәтиже көрсету үшін Кенияның Итен қаласына жол тартты. 29 шілдеден бері Altay athletics клубының жаттықтырушысы Кеннет Ротичтің тобында дайындықты бастап кетті. Оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқан аймақ теңіз деңгейінен 2400 метр биіктікте орналасқан. Қазақстандық спортшымен бірге клубтың кениялық легионерлері Норой Джеруто, Дэйзи Джипкемей, Каролин Кипкируи және Шэдрак Коич бар. Олар «Гауһар лиганың» финалдық кезеңіне жаттығуды бастап кетті. Жерлесіміздің Жакартаға жақсы дайындықпен баруы үшін Рогичке әлем рекордсмені Мэри Кейтани көмектеседі.

Оқу-жаттығу жиыны 23 тамызға дейін жалғасады. Сосын Гүлжанат Жанатбек Индонезияға жол тартады. Әйелдер арасындағы марафон 26 тамызға белгіленген.

Айта кетейік, 26 жастағы атлет 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында мәреге 11-ші болып келген (2:38.36 сағ).

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер