Роман Григорчук: Біздің мақсат келесі кезеңге өту

Роман Григорчук: Біздің мақсат келесі кезеңге өту
news-banner7
mobile-news-top

Ертең Астанада УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында Қазақстанның «Астана» және Хорватияның «Динамо» (Загреб) клубтары өзара кездеседі. Осы ойынның алдында бүгін «Астана»клубының бас бапкері Роман Григорчук баспасөз мәжілісін өткізіп, журналистердің сұрағына жауап берді.

– «Ақтөбемен» кездесуде сіз бірнеше жас футболшыға мүмкіндік бердіңіз. Олардың ойындарына көңіліңіз толды ма?

– Біз әрқайсысының көрсеткен өнерін бақылаймыз, сенім білдіреміз. Кез келген футболшының алаңда өзің көрсетуге мүмкіндігі бар. Бірақ аттарын атап, түстеудің қажеті жоқ. «Астананың» жас ойыншылары өте жақсы ойнады. Олар бізбен бірге жаттығып жүр. Негізгі құраммен бірге дайындалу деңгейлерінің қандай екенін көрсетеді. Прокопенко, Сұлтан екеуі «Ақтөбемен» кездесуде алаңға шықты. Алдағы уақытта тіпті, еурокубоктағы кездесулерге қатысады деп сенеміз. Жас ойыншыларды дамыту – өте маңызды.

– «Динамо» командасының қандай күшті тұстарын атап өтеп аласыз?

– Теориялық тұрғыдан сараптама жасалды. «Динамо» – Еуропа футболының бренд командасы. Тарихы өте бай. Бір сөзбен айтатын болсақ, біліктілігі жоғары, жоғары деңгейлі мықты команда.

– Ертеңге қандай жоспарларыңыз бар?

– Біздің мақсат келесі кезеңге өту. Сол үшін барлығын жасайтын боламыз. Матчқа жақсы дайындық жүргіздік. Енді, ертең бәрі сәтті аяқталады деп үміттенеміз.

– Осындай екі матчтан тұратын кезеңде бірінші ойынды қайдан бастаған ыңғайлы?

– Сондай стереотип бар. Барлығы жеребені күтеді. Сосын бірінші ойын сырт алаңда деп ойлайды. Екінші матчты өз алаңында өткізгенді көбісі құп көреді. Олармен де келісуге болады. Мен бас бапкер ретінде еурокубоктарда көп ойын өткіздім.Соның ішінде жеңістерімнің көбісі екінші матчты сырт алаңда өткізгенде болған екен. Жалпы, мен үшін бірінші ойынды қайда өткізгеннің аса маңызы жоқ. Сіз сұраған соң айтып отырмын.

– Жуниор Кабананга алаңға шығып, 90 минут бойы жоғары деңгейлі ойын көрсетуге дайын емес екенін байқадық.

– Бұл жерде сізбен келіспеуге амал жоқ. Бұл критика немесе футболшыны сынау емес. Шындығы сол. Кабананганың 100 пайыз дайын болуы мүмкін емес жағдай ғой. Өйткені, ол көптен бері ойнамаған. Жаттығу жұмыстарын енді бастады. Бұл ақылға сиятын жағдай деп ойлаймын. Оған уақыт керек.

– «Астананың» жеребе жағынан жолы болмады деп айтуға бола ма? Биыл Хорватия футболының шарықтап тұрғанын жақсы білеміз. Құрамасы әлем чемпионатының финалына шықты.

– «Динамо» сапында Модрич пен Ракитчтің болмағаны қуантады. Хорватияда мықты футболшылар өте көп. Оның ішінде «Динамода» да жетеді ондай жоғары деңгейлі ойыншылар. «Динамо» – бұл ТОП-команда.Оған ешқандай талас жоқ. Біз қарсыластың күшін білеміз.

Түпнұсқасы: fca.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер