русский язык

«Ақжайық» футбол клубы: «Басты мақсат Премьер – Лигаға оралу»

«Ақжайық» футбол клубы: «Басты мақсат Премьер – Лигаға оралу»

Биыл бірінші лигаға түсіп қалған Оралдық «Ақжайық» алдағы жылы премьер-лигаға оралуды мақсат етіп отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің «Ақжайық» футбол клубы бапкер-ойыншыларымен кездесуінде айтылды.

Бақтияр Мәкеннің айтуынша, облыс басшысы Нұрлан Ноғаев команданың алдына үлкен міндет қойып отыр. Қаржылық көтермелеу өз алдына, «Ақжайық» сапалық жағынан жоғары деңгейге көтеріле білуі тиіс. Футбол ойынын дамыта түсу бағытында Теректі, Зеленов, Қазталов, Сырым аудандарында, сондай-ақ қаланың «Құрылысшы» шағына ауданында, Зачаган, Селекционный кенттерінде өкілдіктер ашу көзделіп отыр.

«Ақжайық» командасының бапкері Бауыржан Баймұхамедовтің сөзіне қарағанда, биыл клубта бес легионер болғаны белгілі, олар қазір премьер-лига командаларында сыннан өтуде. Болашағынан үміт күттіретін жастар жоқ емес, бар. Дегенмен премьер-лигаға шығу міндет болып отырғандықтан, құрамды күшейту керек, қаржылық мәселе де анық болуы керек. Бұл ретте жергілікті ойыншыларды ынталандырудың тиімді жүйесін табу қажет.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекеттің мәлім еткеніндей, алдағы жылы биылғыдай қаржы қиындығы болмайды. Бірақ бюджет көлемі қысқарады. Қазірдің өзінде бюджеттік ұсыныс берілді. Жыл басынан тұрақты жалақы болады, ал сыйақы беру мәселесі шешілу үстінде.

Кездесу соңында команда капитаны Руслан Хайыров ойыншылардың көңіл-күйі жақсы екендігін, Түркияға жиынға дайындалып жатқандығын жеткізді. Алдағы қаңтар-ақпан айларында команда құрамы толықтай анықталатын болады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;