Жеңіл атлетика

Ольга Рыпакова Жакартада тағы бір рекордты жаңартуы мүмкін

news-banner7
mobile-news-top

Олимпиадалық спорт түрлерінің өкілдері үшін биылғы жылдың ең басты жарысы – жазғы Азия ойындарының басталуына санаулы күндер қалды, деп жазады жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты.

Қазіргі кезде әрбір спорт түрінен 4 жылда бір өтетін додаға қатысатындардың тізімі есімі белгілі бола бастады. Оның ішінде жеңіл атлеттер де бар. Жакартада «Спорт падишасының» өкілдерінен 33 спортшы бақ сынайды. Жеңіл атлетика сайыстары тамыздың 25-і мен 30-ы аралығында өтеді. Бас бапкер Григорий Егоров жариялаған тізімге Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да енген.

33 жастағы жерлесіміз Азия ойындарына 2006 жылдан бері қатысып келеді. Дохада жетісайыстан қатысып, үздік шықты. Одан кейін 2010 және 2014 жылдары Гуанчжоу мен Инчхонда үш қарғып секіруден чемпион атанды.

Енді биыл Рыпакова екі бірдей сайыс түрінен бақ сынайды. Индонезия астанасында үш қарғып секірумен қатар ұзындыққа секіруден де қатысады.

Айтпақшы, Ольга Жакартада жаңа бір рекордты орнатуы мүмкін. Яғни Қазақстан спортшылары арасында қатарынан 4 Азия ойындарын ұтқан ешкім жоқ.

Бұған дейін бес дүркін Азия ойындарын жеңген жерлесіміз де бар. Бірақ ол бес алтынды екі Азия ойындарында-ақ еншілеп үлгерген. Мысалы, теміртаулық байдарка және каноэ есуші Константин Негодяев 1994 жылы Хиросимада үш дүркін чемпион атанса, Бангкокта тағы екі алтынға қол жеткізді.

Сондай-ақ су добынан Сергей Дроздов, Асқар Оразалинов, Артем Севостьянов бастаған құрама жігіттері 1994, 1998, 2002 жылдары қарсылас шыдатқан жоқ.

Су добынан Азия ойындарында 4 мәрте жеңіс тұғырынан көрінген ватерполшы Евгений Жиляев. Ол 1994. 1998, 2002, 2010 жылдары құрамамен бірге алтын жүлдеге ие болды. Бірақ 2006 жылы құрамада ойнаған жоқ. Сондай-ақ Дохада Қазақстан ватерполшылары қоланы қанағат тұтқан болатын. Яғни Жиляев төртінші чемпиондығын араға үзіліс салып еншіледі.

Қатарынан үш дүркін чемпион атанған нысана көздеуші Сергей Беляев, байдарка және каноэ есуші Дмитрий Торлоповтар бүгінгі таңда құрама сапында жоқ.

Ендеше, Рыпакова Жакартада үздік шығып жатса, тағы бір рекорды жаңартады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер