Футзал

Алматыда студенттер арасында футзалдан әлем чемпионаты өтеді

Алматыда студенттер арасында футзалдан әлем чемпионаты өтеді
news-banner7
mobile-news-top

19-26 тамыз арасында Алматы қаласында студенттер арасында футзалдан әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

2015 жылы қазан айында Қазақстан студенттер арасындағы футзалдан 2018 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алған болатын.

ТМД елдері аумағында алғаш рет өткізілетін жарысқа әлемдегі жиырмадан астам ең мықты студенттік құрамалар қатысады деп күтілуде.

Ұйымдастырушылар - Қазақстан Республикасының Студенттік спорт федерациясы және Ұлттық студенттік лигасы. Сонымен қатар ұйымдастыру комитетінің құрамына ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Алматы қаласының әкімдігі кіріп отыр.

Ұлттық студенттік лиганың басшысы, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков бұл әлемдік дода қала тұрғындары үшін мереке болатынына сенімді.

«Біздің елімізде ірі көлемдегі спорттық шараларды өткізу бойынша үлкен тәжірибе бар. Соңғы жылдардың өзінде Қазақстанда, оның ішінде, Алматыда әлемдік деңгейдегі көптеген спорт жарыстары өткен болатын. Футзал сияқты қарқынды әрі әсерлі спорт түрінен әлем чемпионатының өтуі біздің қаламыздың тұрғындары мен қонақтары үшін үлкен мереке болмақ. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен барша спорт сүйер қауымды әлемді мойындатқан спорт шеберлерінің додасын тамашалап, оларға жанкүйер болуға шақырамын. Алматылық «Қайрат» футзал клубының әлемдік аренадағы жетістіктерінің арқасында Қазақстанда футзал дамып жатыр. Алматыда өтетін студенттер арасындағы әлем чемпионаты осыған дәлел бола алады», - деді Дамир Шыныбеков.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер