Дзюдо

Айдын Смағұлов: Азия ойындарында дзюдошылар алғаш рет аралас командалық жарыста бақ сынайды

Айдын Смағұлов: Азия ойындарында дзюдошылар алғаш рет аралас командалық жарыста бақ сынайды
news-banner7
mobile-news-top

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Айдын Смағұлов Загребте өткен Гран-при кезеңін қорытындылап, Азия ойындарына дайындықтың қалай өтіп жатқанын баяндады.

Еске сала кетейік, өткен аптада Хорватия астанасы Загребте дзюдодан Гран-при кезеңі аяқталып, ерлер құрамасы медальсіз қалған болатын.

«Загербтегі Гран-при кезеңі әлем чемпионатының алдындағы дайындық кезеңі саналады. Сол себепті, әрбір құрама турнирге бірінші нөмірлі спортшыларын қосты. Гран-приге 79 мемлекеттің дзюдошылары қатысқанынан-ақ, жарыстың деңгейін бағамдай беріңіз. Біздің құраманың негізгі спортшылары Азия ойындарына дайындалып жатыр, сондықтан, біз Хорватияға қосалқы құрам спортшыларын жібердік», - деді Айдын Смағұлов.

Бас бапкердің айтуынша, Гран-при додасында біздің спортшыларға аздаған шеберлік жетіспеді.

«60 келідегі Рустам Ыбыраев қола үшін күресте ұтылып, бестікке енді. 66 келідегі Ғұмар Қырғызбаев та жақсы күресті. Ал осы салмақта белдескен Ерлан Серікжанов әйгілі Георгий Зантараядан жеңілді. Бұған себеп жоқ емес. Ерлан сол белдесудің алдында қабырғасын ауыртып алған», - дейді Смағұлов.

Бұл күндері дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы Ақмола облысындағы Бурабай аймағында жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Негізгі құрам қатарында төмендегі спортшылар жаттығуда:

Елдос Сметов (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев, Елдос Жұмаханов (66 келі), Жансай Смағұлов, Бегәділ Шаймерденов (73 келі), Хамза Дидар, Азиз Қалқаманов (81 келі), Ислам Бозбаев, Дәулетхан Жақыпов (90 келі), Виктор Демьяненко (100 келі), Ерасыл Қажыбаев, Санжар Жабборов (+100 келі).

Биылғы Азия ойындарының басты өзгерісі – аралас командалық сынның өтуі. Азия ойындарында алғаш рет ерлер мен қыздар аралас командалық жекпе-жекте бақ сынайды.

«Аралас командалық сын Азия ойындарында алғаш рет өтеді. Бұл әлем чемпионаттарында қолданылғанымен, Азия ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет енгізіліп отыр. Үш ер бала мен үш қыз бала бір команда болып сынға түседі. Командалық және жекелей сында Азия ойындарына кімдердің қатысатынын алдағы уақытта хабарлаймыз», - дейді бас бапкер.

Ұлттық құрама Азия ойындарының алдындағы шешуші оқу-жаттығу кезеңін 19-31 тамыз аралығында Бурабайда өткізеді.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер