русский язык

Қазақстан — «Еуразия Барысы» (+ФОТО)

Қазақстан — «Еуразия Барысы» (+ФОТО)

Қазақ күресінен «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің ақтық сынында Қазақстан мен Моңғолия құрамалары кездесті. Финалда балуандарымыз моңғол командасын 4:1 есебімен ұтты. Ал жүлделі үшінші орын орыс балуандарының қанжығасында кетті.

Финалда екі команда арасындағы белдесу өте тартысты өтті. Жарысты әдеттегідей 60 келі салмақ дәрежесіндегі балуандар бастады. Онда ел намысын қорғаған Абзал Арыстанбеков моңғол балуаны Ганболд Херленді таза ұтса, 70 келідегі Ерлан Естек Санжаасурен Миярагшадан басым түсті. Ал 80 келі Ерсін Мұхамеджанов Ган Тувшинжаргалмен тең дәрежеде белдескен соң, балуандар қоян-қолтық белдесуін өткізді. Онда Ерсіннің жолы болып, командасын 3:0 есебімен алға шығарды.

90 келі салмақтағы Мұхит Тұрсынов Серік Бәйкемұраттың арасындағы жекпе-жек өте тартысты өтті. Себебі, моңғол елінің намысын қорғаған Серік Бәйкемұрат өзіміздің қандасымыз. Алайда, Мұхит жұрт алдында жомарттық танытып, жеңісті Серік Бәйкемұратқа берді. Ең шешу сайыс аса ауыр салмақтағы балуандардың арасында өтті. «Қазақстан Барысы-2012» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевтің қарсыласы Сугаржардал Болдпурев болды. Оның салмағы 194 келі, бойы 194 сантиметр. Білекті балуан Қазанда өткен Бүкіләлемдік Универсиаданың чемпионы атанған. Алайда, Бейбіт Ыстыбаев өзінің бабында екенін айқын аңғартып, моңғол алыбын таза ұтты. Сөйтіп, Қазақ еліне  «Еуразия барысы» жобасының жарқын жеңісін сыйлады.

Сонымен, «Еуразия барысы» халықаралық турниірінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері белгілі болды.
Жарыстың жалпы жүлде қоры - 100 мың АҚШ долларын құраған.  Бірінші орын алған Қазақстан құрама командасына 50 мың АҚШ доллары мен алтын тайқазан сыйға тартылса, екінші орынға қол жеткізген моңғол балуандары 30 мың АҚШ долларын қанжығаларына байлады. Ал жүлделі  3-орынға ие болған Ресей құрамасына 10 мың АҚШ доллары табыс етілді.

Сондай-ақ, 4-ші орын тәжік балуандарына бұйырды. Иран құрама командасы 5-ші орынға тұрақтаса, Түркия елінің балуандары 6-шы орынды иеленді. Ал Польша құрамасы 7-ші орынға қол жеткізсе, қытайлықтар 8-ші орынды қанағат тұтты. Бұл командаларда тиісінше, қаржылай сый-сияпатқа ие болды.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;