«Астананың» келесі қарсыласы жайлы не білеміз

«Астананың» келесі қарсыласы жайлы не білеміз
news-banner7
mobile-news-top

Елордалық «Астана» Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінен сенімді өтті.

Қазақстан чемпионы черногориялық «Сутьесканы» екі матч қорытындысы бойынша 3:0 есебімен жеңген. «Астананың» ендігі қарсыласы – даниялық «Мидтьюлланд».

Шағын қаланың үлкен клубы

Бұл клуб 50 мыңға жуық тұрғыны бар Хернинг қаласында құрылған. 1999 жылы «Икаст» және «Хернинг Фремад» клубтары бірігіп, дүниеге «Мидтьюлланд» деген жаңа клуб келді. 2007 жылы «Мидтьюлландқа» 10 миллион еуро қаржылық қолдау көрсетіліп, клуб Даниядағы үздік командалардың қатарына қосылды. Ал 2014/15 жылғы маусымда алғаш рет Дания чемпионы атанды. Былтырғы маусымда сол жетістігін қайталай алды.

Өз алаңындағы матчтарын команда «МСХ Аренада» өткізеді. Стадионның сыйымдылығы – 11 800 көрермен.

Еурокубоктық майталман

«Мидтьюлландтың» еурокубоктағы тәжірибесі мол. Алғаш рет даниялық клуб 2001/02 жылғы маусымда УЕФА Кубогында (қазіргі Еуропа лигасы – ред.) сынасқан. Осылайша, осы маусымда команда 12-ші рет еурокубокқа қатысады. Еуросапарында «Андерлехт», ЦСКА, «Манчестер Сити» сынды белді клубтармен жүздескен.

«Қасқырлар» алғаш рет (және жалғыз) 2015/16 жылғы маусымда еурокубоктың топтық кезеңіне қатысты. Сапарын Чемпиондар лигасында бастаған клуб үшінші кезеңде АПОЭЛ-ден ұтылып, Еуропа лигасының плэй-офф кезеңіне түсті. Сөйтіп, ағылшынның «Саутгемптон» клубын жеңген даниялық ұжым өз тарихында алғаш рет топтық кезеңге өтті. D тобында «Наполи», «Брюгге» және «Легиямен» ойнап, екінші орын алды. Ал 1/16 финалда «Манчестер Юнайтедтен» ұшып кетті.

Келесі екі маусымда «Мидтьюлланд» Еуропа лигасы іріктеуінің плэй-офф кезеңіне жеткенімен, топтық кезеңге өте алмады. Алдымен, «Османлыспордан» айласын асыра алмаса, былтыр «Аполлоннан» жеңіліп қалды.

Команда құрамы

Беделді Transfermarkt ақпаратына сүйенсек, «Мидтьюлланд» ойыншыларының жалпы құны – 21,55 миллион еуро («Астананың» бағасы – 27,55 млн). Командадағы ең қымбат футболшы – жартылай қорғаушы Доминик Дрекслер. 28 жастағы футболшының трансферлік бағасы 2,5 миллион еуроны құрайды. Ал 26 жастағы қорғаушы Эрик Святченко 2 миллионға бағаланады. Сонымен қатар, команда құрамында бағасы миллионнан асатын бірнеше футболшы бар: қорғаушы Бубакарр Санне (1,50 млн), жартылай қорғаушы Миккель Дуэлунд (1,50 млн), шабуылшы Пол Онуачу (1,50 млн), қорғаушы Киан Хансен (1,25 млн), шабуылшы Густав Викхейм (1,25 млн). Биыл жазда командадан «Реал Мадрид», «Тоттенхэмде» ойнаған, Голландия құрамасының бұрынғы ойыншысы Рафаэль ван дер Варт кетіп қалды.

Өткен аптада Дания чемпионатының жаңа маусымы басталған болатын. «Мидтьюлланд» алғашқы турда өз алаңында «Орхус» клубын қабылдап, 0:0 есебімен тең тарқасты. Матчтың 89-минутынд Якоб Поульсен пенальтиден гол соға алмай қалған болатын. Бұл ойында команданың бас бапкері Джес Торуп 3-4-3 жүйесін қолданып, алаңға мына футболшыларды шығарған: Хансен, Николайсен, Санне, Святченко, Даль Хенде, Поульсен, Спарв, Мунксгаард, Викхейм, Дуэлунд және Онуачу.

«Астана» мен «Мидтьюлланд» арасындағы алғашқы матч 24 шілдеде Астанада, қарымта ойын 1 тамызда Данияда өтеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер