Бокс

ШШШ: Шапанды шоумен Шүменов

ШШШ: Шапанды шоумен Шүменов
news-banner7
mobile-news-top

Білекті де жүректі жігіттер намысқа шауып, боз кілемде немесе рингте күшін паш етсе қазақтың қаны қызып қиқулайды. Баяғы батырлардың майдандағы жекпе-жегін бейбіт заманда спорттық бәсекеде алмастырған заман қазір. Алайда, кей-кейде халықтың осы ыстық ықыласын ысырап етіп, дәрежемді өсірсем дейтін көзбояушылықтар да жоқ емес. Мысал ретінде, 7 шілде күні шапан киген шоумен-боксшыларды атауға болады.

520 мың доллар

Иә, Бейбіт Шүменов Астанада титулды жекпе-жегін ұйымдастыруға, осыншама қаржы шығындаған. Қазақстан ауқымында бұл әжептәуір қаражат болғанымен, әлемдік деңгейдегі кәсіпқой бокс үшін түкке де тұрмайтын ақша. АҚШ-та жұдырықтасып жүріп, бiр кеште миллиондаған пайда табатын Головкинмен салыстырсаңыз да жеткілікті. Елорданың 20 жылдық тойы қарсаңында, еліме осындай сыйлық жасаймын деген Шүменовтің бастапқы ниеті қолпаштауға лайықты еді. Дегенмен, оның мырзалығының астарында қандай мақсат жатты? Бейбіт, бұл ақшасын халыққа шоу ұсынамын деп шашты ма, әлде жеке басының жарнамасына жаратты ма? Шымкент шаһарының базарларын уысында ұстап отырған ауқатты әкесінің қалтасына, 520 мың доллар аса салмақ түсірмесе керек. Ұзақ күткен осы бокс бәсекесін, өз көзіммен тамашалап қайтқан соң, Шүменов қыруар қаражаты желге шашты деген қорытындыға келдім.

Ең бірінші себеп – құрғақ уәде! Жария етілген бірнеше жаһандық бокстың танымал тұлғалары, аталмыш спорт додасында бой көрсетпеді. Күні бұрын әйгілі ринг-анонсер - Майк Баффердің бұл кешті жүргізетіні, белгілі бокс аңыздары – Роберто Дюран, Эвандер Холифилд, Хасим Рахман, Хорхе Линарес, Заб Джудалар мейман ретінде төрден орын алатыны айтылған. 50 cent пен Snoop Dogg түгілі Қайрат Нұртасты байқамадық залда. Мүмкін Шүменов командасының ақшасы жетпей қалған болар?! Бірақ, Бейбіт елдің алдында берген сөзінде тұруға тырысқан болса, біреуінің қаламақысын үстемелей төлесе де, Қазақстанға келтіретін еді.

Мына қызыққа қараңыз... Шүменовтің рингтегі кездесуіне санаулы күндер қалғанға дейін, әлгі тізімдегі VIP қонақтардың Астанаға келетіні жайлы, беделді ақпараттық-спорттық сайттар жарыса жазды. Халық та бұл жарнамаға иманындай сенгені анық. Жұлдыздар көші уәделі сәтте көрінбеген соң, Шүменовтің жанкүйерлері әлеуметтік желіде оларға сұрау да салған. Алайда, ұйымдастырушы тарап мәртебелі меймандардың шақыртудан неге бас тартқаны жайлы еш ресми мәлімдеме жасаған жоқ. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын» мұндай спорттық ивенттердің ғұмыры ұзақ болмайды.

Қанат Исламнан қалып қойды

Әділдігін айту керек. Шүменов - қос салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Қазақстандағы жалғыз боксшы. Мансабындағы екі жылдық үзілістен соң, бірден WBA тұжырымының уақытша белбеуі үшін айқасқа шығу және оны жеңіп алу оңай шаруа емес. Бейбіт бұған дейін алты жекпе-жегін Қазақстанда, яғни біреуін Астанада қалған бесеуін Шымкентте өткізіпті. Соңғы рет 2011 жылы туған жерінде рингке көтерілген қандасымыз, әркез азулы боксшының бірі саналған. Оның спорттық дәрежесіне баға беретін де тек халық.

Кәсіпқой бокстағы бағындырған биігі біршама болса да, Шүменов елімізде аса белгілі емес. Себебі, ол әуел бастан АҚШ-тың спорттық аудиториясына өзін таныту жолында тер төкті. Біршама жыл сол мемлекетте тұрып та көрді. Жарақаттары жиілеп, жасы да келіп қалған шақта Қазақстанға оралған Қанат Ислам секілді боксшылармен салыстырғанда, абыройының аласа екенін ұққандай еді. Бұл кез-келген намысқой спортшының шамына тиетін фактор. Шүменов секілді әйгілі тұжырымдардың чемпиондық белбеулерін тағынбаса да, Қанат Ислам Алматы мен Астанада қос бірдей бокс шоуын ұйымдастырып, жанкүйерлерін молынан жинай білген. Тура сол 12 000 адамға лайықталған «Барыс Аренада» 7 шілде күні рингке шыққан Бейбіт болса, спорт кешенінің үштен бір бөлігін жұртқа әрең толтырды. 120 мемлекетке тікелей эфирде таратылған титулды жекпе-жек кеші үшін, бұл өте нашар көрсеткіш. Ұйымдастырушылар жіберген басты қателік – аталмыш бокс додасында Шүменовтен өзге қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің жұдырықтаспауы. Мысалы, Батыр Жүкембаев, Абылайхан Құсайынов, Жанқош Тұраров, Садриддин Ахмедов секілді өз фанаттары бар жігіттерге лайықты ұсыныс жасалса, олар бас тартпас еді. Сол себепті, нағыз бокс майданын көрсете білетіндердің орнын, өз ләззатына төбелесіп жүрген әнші Ибрагим Ескендір секілділер басты. Олар 1-2 мың долларға үшін бәсекеге шығуға дайын, ешкім танымайтын ортаңқол спортшыларды әкеліп, алғашқы раундтарда-ақ жайпап салды.

Қаңбақ қарсыластар

Туған жерінде жеңістің туын көтеріп, мерейді үстем етуден кім ат-тонын ала қашсын?! Шүменов командасының тағы бір сүрінген тұсы - бокс кешінің файт-кардын (жекпе-жектер тізімін) жасақтауда жаңылыс басуы. Шүменовті есепке алмағанда, елге ұсынылған 10 жекпе-жектің басым көпшілігінде боксшыларымыз Әзірбайжан, Грузия мен Ресей секілді үш-ақ елден келген «қаңбақ қарсыластарды» қалпақпен ұрып алды. Тисініше сол күнгі жекпе-жектердің біразы тартыссыз әрі тартымсыз өтті! Аталмыш кеште Түркияның намысын жыртып келген Хизни Алтункая ғана, басты айқаста Бейбіт бауырымызды 9-ша раундқа дейін біраз қара терге түсірді.

Еуропаның, АҚШ пен Латын Америкасының тәуір спортшыларын Астанаға шақыртып, жарнамасы жер жарған бокс кешінің географиялық ауқымын кеңейтуге болмады ма деген заңды сұрақ туындайды. Ұйымдастырушылар бәрін қу ақшаға тірейтіні де түсінікті... Дегенмен, Шүменов шашқан 520 мың доллардан, жігіттерімізге лайықты бірнеше қарсыласқа нәпақа бұйырмағанына сену қиын. Бұл бокс додасына шыққан қазақ боксшыларының ішінен әлі жеңіліс дәмін татпаған, кәсіпқой рингте енді қанат жайып өсіп келе жатқан Айдос Ербосынұлы, Уәлихан Бисенқұлов пен Бабыржан Момыновтарды атап өтуге болады. Оларға енді Шүменовтің андеркарды секілді тегін төбелес алаңдардан гөрі, шетелдік ареналарға жиі шығуға ұмтылу қажет.

Сылыстырмалы түрде Қанат Ислам басты жек-жекке шыққан екі бірдей бокс кешінің де табысты болуының бірнеше себептері бар. Біріншіден ол - сауатты әрі тиімді ұйымдастырылған жарнамалық кампания. Екіншіден өзіндік стилімен танымал, спортшы ретінде атағы қалыптасқан Жәнібек Әлімханұлы, Жанқош Тұраров, Айдар Шәрібаев, Әли Ахмедов, Мейірім Нұрсұлтанов, Айдос Ербосынұлы сынды жас боксшылардың рингте өнер көрсетуі.

«Барыс Арена» - Шымкенттік тойхана

Британиялық BOX Nation телеарнасы 120 мемлекетке көгілдір экран арқылы таратқан Шүменовтің бокс шоуын, Шымкенттегі ұлан-асыр тойға ұқсаттым. Ерке Есмахан, Қыдырәлі Болманов секілді қаптаған өнер жұлдыздары, екі жекпе-жек сайын 4-5 композициядан қатар орындап, жұртты мезі еткені бар. Қазақша патриоттық рухтағы туындыларға репетуары жұтаң әншілерміз, амалсыз махаббат жайлы шырқап берді.

Шүменов 7 шілде күні өзі ұтып алған WBA Regular белбеуі үшін, аталмыш тұжырымға біршама ақша төледі. Себебі, титулды жекпе-жек өткізу үшін, боксшының промоутері тиесілі ұйымға және жергілікті федерацияға қаржы құяды. Бұл жаһандық бокстың бұлжымас дәстүрі. Шүменов бір оқпен екі қоянды атып алмақ болып, Астанада WBA-дің (Бүкіләлемдік Бокс Қауымдастығының) конвенциясын өткізуге қол жеткізді. Осылайша, WBA президенті Жилберто Хесус Мендос пен Хосе Оливера бастаған бір топ лауазымды жандардың елордаға табаны тиген еді. Шүменовтің жекпе-жегінен соң, WBA өкілдері Астана әкімі Әсет Исекешевпен жүздескен. Алайда, конвенцияның қай жерде және қашан өткені жайлы, БАҚ беттерінде жарытып ештеңе жазылмады.

Әлемдік деңгейдегі спорттық шаралар – мемлекеттің саяси және қоғамдық тыныс-тіршілігі үшін ауадай қажет құралдың бірі. Ал Шүменовтің титулды жекпе-жегі – әншілердің ел алдындағы есеп беру концерті секілді өткен.

Шүменов елінің алдында спортшы ретінде қарыздар еді. Өсуіне тілеулес болып, әр жеңісіне қуанған жұрты үшін Шүменов те бір шашылып, спорт додасын тарту еткісі келген болар... Бұл ниеті рас болса, ол қошеметке лайықты! Ақиқатында ол қаржысын жеке басының және өзінің промоутерлік компаниясының жарнамасы үшін жұмсады деуге болады! Себебі, ұзақ үзілістен соң қайта оралған Шүменов, енді кәсіпқой рингте әрі кетсе 3-4 жекпе-жек өткізіп үлгерер. Қазір жерлесіміз промоутер әрі спорт менеджері ретінде өзін танытып жүр. Сондықтан өткен жекпе-жекте Шүменов дүйім елге дүбірін естіртіп жекпе-жек жасау арқылы, пайдаға кенелуді ойлаған жоқ, ертеңгі бизнес-жоспарына инвестиция құйды десек дұрыс бола ма екен?

Серік НОЯН - спорт сарапшысы, журналист

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер