Велоспорт

«Астана» велоклубы «Тур де Франста» нағыз командалық жарыс үлгісін көрсетуде

news-banner7
mobile-news-top

Мәртебелі «Тур де Франс» велододасының алғашқы аптасы да артта қалды. Бүгін шабандоздар үшін демалыс. Нағыз тартысты да, маңызды кезеңдер ертең басталады. Ал «Астана» көшбасшысы Якоб Фульсанг 9-шы кезеңнен кейін жалпы есепте 7-ші орында келеді, деп жазады «Астана» Президенттік клубының ресми сайты.

Осыған дейін велошабандоздар жазық жолдармен жарысқан болса, енді оларды таулы-қыратты кезеңдер күтіп тұр. Алайда, жарыстың алғашқы аптасы да қызықтарға толы болды.

Мәселен, «Тур де Франсты» 121-ші нөмірде бастаған «Астананың» лидері даниялық Якоб Фульсанг жалпы есепте үздік жетілікте келеді. Ол жарыс көшбасшысы бельгиялық Грег Ван Аверматтан небәрі 1 минут 33 секундқа артта келеді.

Аррас пен Рубэ қалаларының аралығын жалғап жатқан 156,5 шақырымдық жарыста таулы болмаса да, қыратты аймақтары аз емес еді. Дегенмен, «Астана» жігіттері бұл сынаққа дайын болып, 100 пайыздық командалық үлгіні көрсетті.

Бірақ, басқа командаларды белден басқан қырсық «Астананы» да айналып өтпеді. Жарыстың бірінде Михаэль Вальгрен мен Якоб Фульсанг өзгелермен бірге құлап түсіп, сәл уақытын жоғалтып алған. Өзге жігіттер дер кезінде көмекке жетіп, дереу бас пелетонға қосып жіберді. Тіпті, алға ұзап кеткен Омар Фраиле де жеке мүддесін ойламай, капитанына көмектесу үшін пелетонды күтіп, Фульсангқа барынша қызмет етті.

Осылайша, даниялық көшбасшымыз жалпы есептегі жағдайын тағы да жақсарта түсіп, 7-ші орынға көтерілді. Енді бүгінгі демалыстан кейін шабандоздарды ертең Анси мен Ле Гранд-Борнанд қалаларын жалғастырып жатқан 158,5 шақырымдық жарыс күтіп тұр. Бұл осы «Тур де Франстағы» алғашқы таулы кезең.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер