Әлем футболы

Иван Ошкера: Хорватияда қазір – толықтай футбол ессіздігі

Иван Ошкера: Хорватияда қазір – толықтай футбол ессіздігі
news-banner7
mobile-news-top

Иван Ошкера – 32 жаста, медицина қызметкері. Риека клубының және жалпы үлкен футбол фанаты. Белгілі журналист Аршат Ораз спорт десе ішкен асын жерге қоятын хорвтиялықпен сұхбаттасқан.

- Әлем Чемпионаты басталмай тұрып Хорватия құрамасының мүмкіндіктерін қалай бағаладың?
Қай жерге дейін барады деп болжадың?

- Болжамым ширекфинал еді, Испаниямен кездесеміз деп ойлағам…

- Хорватия іріктеу кезеңінде топтан шыға алмай қалуы да мүмкін еді. Бапкер Далич қандай өзгеріс әкелді?

- Далич ойыншыларды көтере алды. Бұрынғы бапкер Анте Чачич хорват футболының кесапаты еді. Ешқандай идеясыз, тактикасыз еді. Бір сөзбен айтқанда – катастрофа. Далич – карьерасын араб елдерінде және Хорватияда кішкентай клубтарда жасаған адам. Тек Риекадан басқа. Үлкен клубтардан Риека ғана оған 10 жыл бұрын жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Далич – жақсы мотиватор. Ойынды жақсы оқи алады. Нашар ойынды сезген кезінде ойыншы алмастырулары сәтті және жалпы ойыншыларға жақсы дем береді, рух көтереді.

- Елде не болып жатыр қазір? Халық футболмен өмір сүріп жатыр ма?

- Хорватияда қазір – толықтай футбол ессіздігі! Бүгін көп жерде қысқа күн. Ойын-сауық орталықтары, азық-түлік дүкендері, бәрі түске дейін ғана істейді. Тек төтенше жағдай қызметтерінен басқалары әлбетте.

- Бәрі футбол деп жатқан кезде, соның шуымен билік заңда, реформа немесе қандайда бір әлеуметтік маңызы бар нәрседе өзгеріс енгізіп жіберген жоқ па?

- Бұл Хорватия ғой. Футболдың көлеңкесі астында зейнет жасы туралы заң қабылданып кетті. Енді 65 жасқа дейін жұмыс істейтін боламыз.

- Президенттерің шынымен эконом-класспен ұша ма? Трибунада қарапайым жанкүйерлермен бірге отыра ма? Әлде бұның бәрі жәй пиар ма?

- Шынымды айтсам, бұның бәрі пиар деп ойлаймын.

- Хорватиялықтар да Виданың Украина туралы сөздерін талқылады ма?

- Вида – жынды жігіт қой. Сол сөздерді 100% шындап айтты деп ойламаймын. Бірақ біраз жыл Украинада ойнады ғой. Кім біліпті?..

- Бұрынғы Югославия елдері қазір Хорватияға жақтасып отыр ма?

- Иә, бұрынғы Югославия елдерінің барлығы қазір Хорватияны қолдайды деп ойлаймын.

- Қазіргі құрам 1998 жылғы құрамнан мықты ма?

- Тең ойындар арқылы аздап сәттілік болды деп ойлаймын қазіргі құрамада. Бірақ 1998-бен салыстырсақ, кей маңызды позициялардағы ойыншылар бұрынғы құрамнан мықты.

- Францияны қалай ұтуға болады?

- Мұқияттылық, сабырлық және өткір қарымта шабуылдарымыз – басты көзірлеріміз болмақ. Гризманн мен Мбаппені жабу керек. Мбаппе қазір өзінің нағыз футбол сиқырын бастаған кезі. Бірақ Модрич пен Ракитич екеуі қазір әлемдегі ең мықты орта алаңдағы дуэт.

- Қазақ футболы туралы не дейсің?

- Соңғы жылдары қазақтар жақсы көтеріліп келеді. Әсіресе клубтық деңгейде. Еурокубоктарда жақсы нәтижелерің бар.

- Риеканың бұрынғы ойыншысы, қазіргі «астаналық» Марин Томасов Ұлттық Құрамада ойнай алар ма еді?

- Марин Томасов – мықты вингер. Өте нәтижелі. Көп гол әкеледі. Бірақ Ұлттық Құрама калибріндегі ойыншы емес. Егер сенің позицияңда Перишич, Ребич, Манджукич, Крамарич бар болса, демек бұл сенің сәтсіздігің.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер