русский язык

Тараз «Еуразия барысын» өткізуге сақадай сай

Тараз «Еуразия барысын» өткізуге сақадай сай

Таразда қазақ күресінен «Еуразия барысы» халықаралық турнирі өтетін күн жақын. Дүбірлі додаға соңғы дайындықтарын пысықтап жатқан ұйымдастырушылар алқасы бүгін баспасөз мәслихатын өткізді.  

 Оның жұмысына Жамбыл облыстық әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков, «Қазақстан барысы» Қазақ күресін дамыту қорының атқарушы директоры Сәрсен Құранбек, қазақ күресінен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Марат Жақыт, қазақ күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жеңіс Биткөзов және байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын балуандар қатысты.

Баспасөз мәслихатында алғашқы сөз кезегін алған Сәрсен Құранбек «Еуразия барысы» турнирі қазақ күресінің насихаты мен әлем алдындағы беделін арттыру мақсатында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. 

«Төл күресімізден 8 мемлекеттің балуандары бақ сынайды. Ертең спортшылар Тараз шаһарына келеді. Бүгінде ұлттық құрама сапында өнер көрсететін жігіттер қазақ күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Жеңіс Биткөзовтің жетекшілігімен оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Халықаралық турнирдің дәл Әулиеата жерінде өтуіне мұрындық болған Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевқа және ұлттық күресіміздің көсегесін көгертуге үлес қосып жүрген «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры бастаған демеушілермізге айрықша алғыс сезімімзді білдіреміз. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 100 мың АҚШ доллары»,- деді Сәрсен Құранбек. 

Ал, Жамбыл облыстық әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков күні кеше тараздықтардың пайдалануына берілген «Тараз Арена» спорт кешені «Еуразия барысы» жарысының жоғары деңгейде өтуіне толық дайын екенін тілге тиек етсе, қазақ күресінен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Марат Жақыт байрақты бәсекеде 20-ға жуық төреші төрелік ететінін, командалық жарыс бес салмақ дәрежесінде өтетінін, онда ел намысын үздік балуандар қорғайтынын, әр команда 3 рет белдесетінін айтты.

Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, қазақ балуандарының қарсыластары осал емес. Моңғолия, Ресей, Иран, Тәжікстан, Түркия, Польша, Қытай мемлекеттері додаға ең мықты спортшыларын қатыстырып отырғаны белгілі болды. Соның ішінде аса ауыр салмақта моңғол құрамасының намысын қорғайты Сугаржардал Болдпурев. Оның салмағы 180 келі, бойы 194 сантиметр. Моңғол алыбы Қазанда өткен Бүкіләлемдік Универсиаданың чемпионы. Бұл жігіт Бейбіт Ыстыбаев пен қосалқы құрамда тұрған Айбек Нұғымаровтың басты қарсыласы болмақ.

 

"Eurasia Barysy" турнирінде Қазақстан намысын қорғайтын балуандар:

60 келі - Абзал Арыстанбеков,Амангелді Сатыбалдинов
70 келі - Ерлан Естек, Қуаныш Мұратов
80 келі - Ерсін Мұхамеджанов, Саят Шәмшиев
90 келі - Мұхит Тұрсынов, Бекзат Ахметбеков
+90 келі - Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;