FIFA World Cup
Әлем футболы

Қола жүлде кімге бұйырады?

Қола жүлде кімге бұйырады?
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін, 14 шілдеде футболдан әлем біріншілігінде 3 орын үшін Англия мен Бельгия құрамалары кездеседі.

Әлемге әйгілі доп додасы ертең межесіне жетеді. Ресей еліне келген 32 үздіктің ішіндегілердің бүгінде 4-еуі жүлделі орындарды сарапқа салатын болды. Жартылай финалда Бельгия Франциядан, Англия Хорватиядан жеңіліп, енді екеуі қола жүлдеге тартысқа түседі. Болжам жасаушылар Бельгия мен Англияны да алтыннан әлем чемпионатын алуға үміткер құрамалар қатарына қосқан еді. Десе де олар соңғы сәтте қарсыластарына есе жіберіп қойды. Сондықтан енді олар ұола жүлдеден да құр қалмауға тырысады.

Бұдан бұрын айтқанымыздай, Англия әлемдік додада 1966 жылы топ жарған еді. Содан бері бұл биіктікті бағындыра алмай келеді. Талай буын алмасты. Шеберлігімен тәнті еткен қаншама жұлдыздар жасыл алаң төрінде жарқылдай көзге түссе де, чемпиондық тұғырға қадам басу ағылшын футболшыларының маңдайына жазылмай келеді. Айта кетерлігі, содан бері олар үздік үштіктен де көріне алмай жүр. 1990 жылы Италияда өткен әлем біріншілігінде төртінші орынды қанағат тұтты. Ол жолы ағылшындар алаң иелері - итальяндық қарсыласынан 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді.

Биылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде Англия жоғары нәтиже көрсетті. Олар 10 кездесудің небәрі екеуінде тең түсіп, қалғанының барлығында ұпайды шашау шығарған жоқ. Финалдық кезеңде бүгінгі қарсыласы - Бельгияға 0:1 есебімен жол беріп қойды. Қалған екеуінде Тунисті 2:1, Панаманы 6:1 есебімен жеңді. Жарыстың 1/8 финалдық сатысында Колумбияны пенальти тебуден орта жолда қалдырып, Швецияны 2:0 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда Хорватияға 1:2 есебімен ұтылды.

Бельгияның да іріктеу кезеңінен іркілмей өткенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бельгиялықтар 10 кездесудің 9-да қарсыластарын қапы қалдырып, 1-де ғана тең түсті. Финалдық кезеңнің топтық сатысында да олар өздеріне сенімді ойын көрсетті. Панаманы 3:0, Тунисті 5:2 есебімен жеңіп, одан кейін ағылшындардан айласын асырды. Жарыстың 1/8 финалдық ойынында Жапонияны 3:2, одан кейін Бразилияны 2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалда Францияға 0:1 есебімен есе жіберді. Бельгия бүгінгі күнге дейін әлем біріншілігінде үздік үштіктен көрінген емес. Тек 1986 жылы 3-орын үшін сайыста Францияға 2:4 есебімен жол беріп, жүлдегер атанудан құралақан қалған еді. Сол олқылықтың орнын биыл толтыра ала ма?

Бельгия мен Англия арасында бүгінге дейін 22 кездесу өткен екен. Бельгия көп жағдайда ағылшындарға есе жіберді. Небәрі 2 кездесуде жеңіске жеткен. Алғашқысы 1936 жылы болған жолдастық кездесу. Онда Бельгия 3:2 есебімен мықтылығын танытты. Одан кейінгі жеңіс биылғы топтық кезеңде болды. Ал 15 ойында ағылшындар жеңіс тойын тойлаған. Сондай-ақ, 5 кездесу тең аяқталған.

Екі құрамада да шеберлігі шыңдалған фтболшылар көп. Бастысы, бұл кездесу тартысты өтетіні айдан анық. Бельгияның бас бапкері Роберто Мартинс аталмыш кездесуге үздік құрамды шығаратынын айтады. Англия бас бапкері Гарет Саутгейт өз шәкірттерінің шеберлігіне сенетінін жеткізді.

Сондай-ақ, ертең, 15 шілдеде Ресей астанасы - Мәскеудің «Лужники» стадионында финалда Франция мен Хорватия құрамалары кездеседі.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер