Басқа

Семсерлесуден әлем чемпионатына аттанатын спортшылар есімі белгілі болды

Семсерлесуден әлем чемпионатына аттанатын спортшылар есімі белгілі болды
news-banner7
mobile-news-top

Шілденің 19-27 аралығында Қытайдың Уси қаласында семсерлесуден әлем чемпионаты өтеді. Аталған додада жалпы есебі 12 жүлделер жиынтығы сарапқа салынбақ. Әлемдік сында қазақстандық нояндар да өнер көрсетеді. Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Писцов ҰОК баспасөз қызметіне жарыста бақ сынайтын спортшылардың есімін атап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Усидегі әлем чемпионатына қатысатын шпагадан Қазақстан ерлер командасы:

Руслан Курбанов, Дмитрий Алексанин, Эльмир Алимжанов, Валим Шарлаимов, Дмитрий Адайкин.

Усидегі әлем чемпионатына қатысатын саблядан Қазақстан қыздар құрамасы:

Тамара Почекутова, Айгерім Сарыбай, Айбике Хабибуллина, Татьяна Приходько.

«Ұлттық құрама спортшылары әлем чемпионатына штаттық режимде дайындалды. Дайындық кезеңі жақсы дәрежеде өткенін айтқым келеді. Бүгінде әлем чемпионатының деңгейі өсіп, бәсекелестік арта түсті. Бұған дейін семсерлесуде айтарлықтай табысы жоқ елдерден мықты спортшылар өсіп келе жатыр», - дейді ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Писцов.

Бапкердің айтуынша, чемпионаттың басты фавориттері қатарына Ресей, Франция, Италия бастаған еуропалықтардан бөлек, ешкім күтпеген команда өкілдері де енуі мүмкін.

«Әрине, ең бірінші кезекше еуропалықтардың бәсі биік. Бірақ Азия елдерінің де қарқын алып келе жатқанын айту керек. Қытай мен Оңтүстік Корея әуел бастан үздіктер сапында. Одан бөлек, кейбір қару түрлерінен Жапония, Гонконг, Эстония мен АҚШ нояндары қара үзіп кетеді. Сол себепті, көптеген елдер жүлдеден үмітті», - дейді бапкер.

Алексей Писцов қазақстандық нояндардың да медаль алу мүмкіндігі бар екенін айтты.

«Алдын ала болжам жасағым келмейді. Әйтсе де, біздің құраманың медаль алатын барлық мүмкіндігі бар. Әсіресе, шпагашылар Руслан Курбанов пен Дмитрий Алексаниннің жүлдеге таласуға қауқары жетеді. Әліптің артын бағайық», - дейді жаттықтырушы.

Ұлттық құраманың биылғы жылғы ең басты додасы – Джакартада өтетін Жазғы Азия ойындары. Ал 2020 жылғы Олимпиада ойындарына арналған лицензиялық турнирлер 2019 жылдан басталмақ.

«Жақында Азия чемпионаты аяқталып, шпагашы ерлер екі күміс, ал сабляшы қыздар бір қола медаль жеңіп алды. Азия чемпионатынан соң бапкерлер кеңесі спортшылардың алтынға қол жеткізуіне кедергі болған қателіктерді зерттеп, команда үлкен жұмыс атқарды. Меніңше, Азия ойындарында біз мүлде өзге нәтиже көрсетеміз. Команда мұны орындауға толығымен дайын», - дейді ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы.

Бүгінде ұлттық құрама спортшылары жаттығу кезеңін аяқтап, Қытайға аттанып кетті.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер