Ресми: Алмейда мен Рукавина «Астананың» сапына ауысты

Ресми: Алмейда мен Рукавина «Астананың» сапына ауысты
news-banner7
mobile-news-top

«Астана» командасы Әзірбайжан Ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Ричард Алмейда және Сербия құрамасының қорғаушысы Антонио Рукавинамен еңбек келісімшартына қол қойды, деп хабарлайды елордалық клубтың баспасөз қызметі.

Ричард Бразилияда дүниеге келіп, өзінің еңбек жолын осы елде «Санта Андре» командасы сапында бастап, одан кейін португалиялық «Жиль Висенте» сапына ауысып, ол жақта екі табысты маусым өткізген. Алмейда 2012 жылы әзірбайжандық «Карабах» сапына қосылып, қысқа мерзімнің ішінде клубтың көшбасшына айнала білді. Дәл осы клуб сапында Алмейда 216 ойында алаңға шығып, 48 гол соғып, 19 нәтижелі пас берді. Алмейда – бес дүркін Әзірбайжан чемпионы. «Карабах» командасының Әзірбайжан чемпионатындағы және Еуропадағы қазірге дейін жеткен жетістіктері Алмейдамен тікелей байланысты.

Алмейда «Карабах» құрамында УЕФА Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасында дебют жасап, 30 ойында алаңға шығып, лондондық «Тотенхем» және бельгиялық «Андерлехт» қақпасына гол соқты. Алмейда 2017 жылы Әзірбайжан азаматтығын алып, осы ұлттық құрама сапында қазірге дейін 8 ойын өткізіп үлгерді.

Антонио қазақстандық жанкүйерлерге УЕФА Еуропа Лигасы аясындағы «Астана» және «Вильярреал» арасындағы кездесулермен жақсы таныс. Сербиялық қорғаушы испаниялық команда сапында 5 маусым өткізген. Рукавина осы жылдарда «Вильярреал» құрамында 99 ойында алаңға шыққан. Оның 23-ін Еуропа Лигасында өткізсе, «Ла-Лига» аясында 76 матч өткізген.

Тәжірибелі қорғаушы «Вильярреалға» дейін, сербиялық «Бежания», «Партизан», немістің «Боруссия» Дортмунд, «Мюнхен-1860», және де испанялық «Вальядолид» командалары сапында өнер көрсеткен. Рукавина ұлттық құрама деңгейінде Сербия жастар құрамасымен 2006 жылы Әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген. Ал Сербия Ұлттық құрамасы сапында 49 ойын өткізген.

Антонио «Астанаға» 2018 жылғы Әлем Чемпионатындағы кездесулерінен кейін бірден қосылды. Ол Ресейде өткен үш кездесудің екеуінде – Коста-Рика және Бразилияға қарсы ойындарда алаңға шыққан болатын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер