Алматыда «Астана» басты бәсекелесі «Қайратпен» кездеседі

Алматыда «Астана» басты бәсекелесі «Қайратпен» кездеседі
news-banner7
mobile-news-top

Маусымның 24-і күні Қазақстан Премьер-лигасының 15-туры аясында еліміздің төрт дүркін чемпионы, биылғы маусымның көшбасшысы «Астана» чемпионаттағы басты бәсекелесі «Қайратпен» кездеседі. «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін елордалық команда мен «Қайраттың» ойыны ертең Алматының Орталық стадионында сағат 20:30-да басталады.

Соңғы үш маусымда алматылықтар «Астананың» өкшесін басып келе жатқанымен чемпиондыққа қол жеткізе алмай келеді. Биыл да елордалықтар турнир кестесінде 5 ұпайға алда. Дегенмен, «Астананың» екі ойынға артық өткізгенін айта кетуіміз керек.

Жалпы, бұл екі клуб ел футболының тарихында өзара 33 рет кездесіпті. Соның 13-і «Астананың» пайдасына шешілсе, 10 кездесуде алматылықтар жеңіске жетіп, тағы 10 матч тең аяқталған екен. Ал биылғы маусымда командалар үшінші рет кездеспек. Суперкубокта елордалықтар 3:0 есебімен ірі жеңіске қол жеткізсе, чемпионаттағы матч 1:1 есебімен тең аяқталған.

Сондай-ақ, тағы бір айта кетерлігі, бұл ойын елордалықтардың жаңа бас бапкері Роман Григорчук үшін екінші матч болмақ. Бұған дейін украиналық маманның жетекшілігімен «Астана» Павлодардың «Ертісін» 3:0 есебімен еш мүмкіндік бермей, жеңіске жеткен.

Дегенмен, «Астананың» спорт директоры Александр Коночкиннің айтуынша, Алматыға команданың биылғы маусымдағы басты сұрмергені Патрик Твумаси жарақатына байланысты бара алмай қалған. 8 гол соққан ганалықтың орнын кім басатынын ертең көреміз. Ал «Астана» жеңіске жеткен жағдайда команда Карлос Алос Феррер шәкірттерінен 8 ұпайға ұзап кетеді.

Сонымен, ертең сағат 20:30-да басталатын ойынды тікелей эфирден «Qazsport» телеарнасы көрсетеді.

Түпнұсқасы: presidential-club.com Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер