Әлем футболы

Аргентина құрамасын бас бапкер жасақтай ма, Месси ме?

Аргентина құрамасын бас бапкер жасақтай ма, Месси ме?
news-banner7
mobile-news-top

Футболдан Ресей жерінде өтіп жатқан әлем чемпионаты да орта тұсына жетіп қалды. Биылғы жаһандық доп додасы басталысымен-ақ жанкүйерлер күтпеген нәтижелер мен сенсацияға толы ойындар өтіп жатыр. Мысалы, алғашқы турда жарыс қожайындары Сауд Арабиясы құрамасын ірі есеппен жеңсе, қазіргі әлем чемпиондары Германия Мексикадан жеңілді. Ал биылғы чемпионатта топ жаруы мүмкін деп болжанған әлемнің бес дүркін чемпиондары Бразилия құрамасы алғашқы турда Швейцария футболшыларымен ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Сондай-ақ Месси секілді үздік ойыншысы бар Аргентина бірінші турда Исландиямен әрең тең ойнаса, күні кеше екінші турда Хорватия футболшыларынан 0:3 есебімен ойсырай жеңілді.

Қазір бүкіл әлемнің футбол жанкүйерлері Аргентина-Хорватия арасындағы матчты талқылап, пікірлері екіге бөлініп жатыр. Біріншісі, Аргентина құрамасының жеңілуіне бас жаттықтырушы Хорхе Сампаоли кінәлі десе, екіншілері Мессиді айыптауда. Өйткені, Аргентина құрамасына қандай футболшыны шақыру керектігін, кімнің алаңға шығатынын немесе шықпайтынын Сампаоли емес, Месси таңдайды деседі. Бұл нақтыланған ақпарат болмаса да, жанкүйерлер тарапы Мессиге қарай осындай сын айтуда. Олардың айтуынша, Месси құрамаға өзінің жанына талантты футболшыларды емес, өзінен төмен дәрежеде ойнайтын ойыншыларды шақырады.

«Икарди Месси үшін құрамаға алынған жоқ»

Бұл сөздің де жаны бар. Мысалы, Аргентинаның болашақта жарық жұлдызына айналуы мүмкін деп саналған Пауло Дибала Мессидің позициясында ойнайтын болғандықтан, ол кейде құрамаға шақырылмай қалып жатады. Шақырылған күнің өзінде де қосалқы құрамда отырып қалады. Ал шабуылшы Игуаин көбіне негізгі құрамда алаңға шықпайды. Өйткені, Месси оның жанында көрінбей қалады. Сонымен қатар Италия «А» сериясындағы «Интер» сапында осы маусымда 29 гол соғып, Италия чемпионатының сұрмергеніне айналған Мауро Икарди биылғы ала доп аламанына келген жоқ. Болжам бойынша, Икарди осыдан бес жыл бұрын Мессидің жақын досы саналған Макси Лопестің жұбайын үйленген соң, Месси оны мүлде құрамаға жолатпауға шешім қабылдаған деседі.

Шетелдік БАҚ өкілдерінің таратқан ақпаратына сүйенсек, 2016 жылы Месси сол кездегі Аргентина құрамасының бас жаттықтырушысы Эдгардо Баусаға Икардиді құрамаға шақырмау туралы шарт қойған. Осыдан соң құраманың тізімін жаттықтырушы емес, Месси жасайды деген дақпырт одан сайын арта түсті. Бірақ Аргентина құрамасының бапкерлер штабы Мауро Икарди Мессидің талабы бойынша құрамаға шақыртылмады деп ешқашан айтпаған. Ал Мессидің өзі журналистердің мұндай сауалдарын әрдайым жауапсыз қалдыратын.

Дегенмен, аргентиналық жаттықтырушылардың Икардиға деген қарым-қатынасын түсінуге болады. Месси Макси Лопеспен бірге «Барселонада» ойнап, екеуі жақын дос саналады. Оның үстіне, Месси Аргентина құрамасының жетекші футболшысы, жаттықтырушылар штабы Леоның сөзіне тоқтауы да мүмкін.

Жуырда ресейлік футболшы Антон Швец sports.ru сайтына берген сұхбатында «Вильярреал» сапында ойнап жүргенде «Барселонаға» қарсы өткен ойында болған оқиға туралы пікір білдірді.

«Қорғаушы Матео Мусаккьо Мессимен допқа талас кезінде оны құлатып жіберді. Сол кезде Лео артына бұрылып, оған бірдеңе деп сөйлегенін байқадық. Не дегенін ертесі күні бір телебағдарлама арқылы біліп алдық. Аталған бағдарламада Мессидің не деп айтқанын талқылады. Ол «Егер маған қарсы осылай ойын тәртібін бұзатын болсаң, құрамада ойнамайсың» деген екен», - дейді Швец.

Ал аргентиналық журналист Фернандо Ньембро sports.ru сайтына былай жазылған:

«Сампаоли құрамаға Маскераноны қосуды, әсіресе жартылай қорғанысқа қоюды қаламай отыр. Бірақ оны бұған мәжбүрлеп отыр. Қазіргі таңда Аргентина футбол федерациясының негізгі басшысы – Тапия емес, Месси. Тапия негізінде қарапайым адам. Сампаоли болса нені бұйырса, соны істеп жүр».

2017 жылы жағдай аздап өзгерді. Эдгардо Бауса Аргентина құрамасының бас бапкерлігінен кетіп, құрама бірнеше жылдан кейін алғаш рет әлем чемпионатына бара алмай қалуы мүмкін қауіпі туды. Жаңадан тағайындалған бас жаттықтырушы Хорхе Сампаоли «альбиселестені» мұндай масқарадан құтқару үшін Икардиді әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі соңғы 3-турға құрамаға шақыртты. Бұл кезде өте талапшыл Месси өз пікірін жұмсартқан болу керек. Дегенмен, Мауро өзіне берілген мүмкіндікті толық пайдалана алмай, үш ойында да гол соға алмады. Осыдан соң Мауро үшін ұлттық құрама есігі қайта жабылғандай болды. Тіпті, ол жолдастық кездесулерге де шақырылған жоқ.

Аргентина құрамасы мен «Интер» командасының бұрынғы шабуылшысы Эрнан Креспо неге Мауро Икарди чемпионатына шақырылмағанын түсіндірді.

«Егер «Интер» басшысы болсам, Икардиді ешқашан сатпаушы едім. Ең үздік футболшымен қоштасып, жақсы футболшымен құрамды күшейтуге болмайды. Айып алаңы ішінде Мауроға тең келетін ешкім жоқ. Ол екі аяғымен де соққы жасай алады. «Екінші қабатта» да жақсы ойын өрнегін көрсете алады. Роналду мен Мессиді өзге ғалам шардың футболшысы деп атаса да, Икардиді олармен салыстырмаған болар едім. Өкінішке қарай, Мессимен болған арадағы келіспеушілік үшін ол әлем чемпионатына бара алмай қалды. Бұл үлкен қателік болды. Қазіргі Аргентина үшін Мауро секілді футболшылар аудай қажет», - дейді Креспо ресейлік спорт-экспресс басылымына берген сұхбатында.

Бәлкім, Креспоның айтқан сөзінің жаны бар да шығар. Кешегі Хорватияға қарсы өткен ойында шабуылда жарқырап ойнайтын бір футболшының жетіспегені анық байқалды. Тіпті, Мессидің өзін Хорватияның үш қорғаушысы тұсап ұстап, өз қақпаларына соққы жасауға мүлде мүмкіндік берген жоқ.

Дегенмен, Аргентина құрамасын Хорхе Сампаоли емес, Месси жасақтайды дегенге спорт журналисі Абай Отар сенбейді. Оның айтуынша, барлық кінәні Мессден емес, Сампаолиден іздеу керек.

«Қазір Аргентина мен «Барселонаның» құрамын Месси анықтайды деген әңгіме шығып жүр ғой. Бұл пікірмен әсте келіспеймін. Оның бірнеше себебі бар. Егер Месси құрамаға кімді алу қажет екенін анықтаса, Акунья, Энцо Перес секілді не алтын емес, не ағаш емес футболшыларды алмас еді. Әрі 3 қорғаушымен ойнауға да шешім қабылдамайтыны анық. Өйткені оған «Барселонадағы» 4-3-3 тактикасымен ойнаған тиімді. Ал кешегі ойында не көрдік? Матч бойы Аргентинаның орталық алаңы «Ұлы Жібек жолы» секілді созылып, ерінбегеннің бәрі еркін өтіп жүрді. Ракитич пен Модричке қарсы Перес пен Маскераноны қою ‒ өз-өзіңе ажал әзірлеумен тең. Нәтижесінде Аргентинаның қорғанысы бір жақта, шабуылшылары екінші жақта байланыссыз қалды. Сондықтан, ұлттық құрамаға Месси алады дегеннен гөрі, кінәні бапкерден іздеу керек», - дейді ол.

Аргентинаның ендігі жағдайы не болмақ?

Кешегі Нигерия – Исландия арасындағы ойын 2:0 есебімен африкалықтардың жеңісімен аяқталып, Аргентина құрамасының 1/8 финалға шығуына мүмкіндік жасап берді. Енді барлығы соңғы турда шешіледі үшінші турда Аргентиналықтар Нигерияны ірі есеппен жеңіп, Исландиямен ойнайтын хорватиялықтардың жеңіске жетуін ғана тілейтін болады.

Қазіргі таңда Аргентина құрамасының жанкүйерлері Хорхе Сампаолиді Нигерия қарсы өтетін топтағы соңғы ойын алдында құрамадан кетуін талап етіп отыр. Сампаолидің Аргентина құрамасымен арадағы келісімшарты 5 жылға жоспарланған. Ол 2019 жылы өтетін Америка кубогынан соң ғана бас бапкерліктен кетуі мүмкін. Егер ол мерзімінен бұрын қызметінен кететін болса, Сампаоли Аргентинадан 20 миллион еуро көлемінде компенсация алады.

«Сәттілік әкелетін аяқ киім»

Аргентина құрамасының Ката Троссейро есімді жанкүйер өзінің әлеуметтік парақшасында Мессидің жұбайы Антонелла Рокуццода сәттілік аяқ киімі бар екенін жазып, жанкүйерлерден оны қолдауын сұрап отыр.

Оның жазуынша, Месси жеңіске жеткен ойындарда Антонелла тек бір аяқ киім киген екен. Ката өз сөзінің дәлелі ретінде 2015 жылғы Чемпиондар лигасының финалы мен әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен кейінгі суреттерін жариялады. «Егер бейсенбі күні Антонелланың дәл осы аяқ киімін киюді қаласаң, жазбамды бөліс», деп жазған.

Аргентиналық жанкүйерлер құрама жетекшісі Лео Мессиге қалай көмектесуді білмей дал болуда. Қазіргі уақытта желі қолданушылары аталған жазбаны 37 мың рет бөліскен. Тіпті, сағат сайын оның саны артып келеді. Жанкүйерлердің барлығы қазір Мессидің жұбайының аяқ киіміне сенім артуда.

Түпнұсқасы: baq.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер