Басқа

Эльмир Алимжанов: Азия ойындарында Қытайдан есемізді қайтарамыз

news-banner7
mobile-news-top

Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионатында қазақстандық шпагашылар командалық есепте күміс жүлдегер атанғанын хабарлаған болатынбыз. Бүгін тәжірибелі спортшы, ұлттық құраманың ардагер спортшысы Эльмир Алимжанов Олимпиада комитетінің ресми сайтына сұқбат беріп, құрлық додасына шолу жасады.

- Корея әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған команда. Олардың қатарында кім жоқ дейсіз? Оңтүстік Корея құрамында Риодағы Олимпиада чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері атанған спортшылар бар. Сол себепті, оларды жеңу бізге үлкен жігер сыйлады. Шыны керек, біз команда ретінде кәрістерді бір рет те болса ұтып көрмегенбіз! Сондықтан бұл жеңістің орны бөлек, кездесуге үлкен жауапкершілікпен, - дейді Алимжанов.

Оңтүстік Корея құрамасын 45:39 есебімен жеңген Қазақстан финалда Қытайдан 45:44 есебімен жеңіліс тапты.

- Әрине, бір ұпай айырмашылығымен жеңілу өкінішті! Алтынның тағдыры ең соңғы секундта шешіліп кетті. Қытайды бүгінде француз маманы жаттықтырады және оларда алға басушылық көп екенін байқадым. Десе де, күмістің өзі бізге үлкен олжа. Бізде соңғы кездері құрлық додасынан жүлдесіз қап жүргенбіз, - дейді ол.

Эльмир Алимжановтың айтуынша, бүгінде Азия чемпионатының деңгейі қарыштап барады. Тіпті, сары құрлық спортшылары еуропалықтармен бір деңгейде өнер көрсететін болған.

- Азиядағы қарсыластарымыз өте мықты. Сол себепті, Азия чемпионаты біз үшін әлем біріншілігі секілді маңызды додалардың бірі. Алдағы Азия ойындарында сәтті көрсетіп, Қытайдан қарымта қайтарамыз деген ойдамын, - дейді шпагашы Эльмир Алимжанов.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер