Жеңіл атлетика

Алматыда «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы» өтеді

news-banner7
mobile-news-top

29-30 маусым күндері Алматыдағы Орталық стадионда жеңіл атлетикадан халықаралық «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы» өтеді, деп жазады жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты.

Халықаралық жарыс КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қосановты еске түсіруге арналған.

Ғұсман Сыйтықұлы Қосанов 1935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Изатулла ауылында дүниеге келген. Олимпиада ойындарына тұңғыш қатысқан және Олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ атлеті. Ол 1960 жылы Рим олимпиадасында күміс медальға ие болды. Италия астанасында 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л. Бартенев, Ю. Коновалов, Э. Озолиндермен бірге мәреге екінші келді.

«Ғ. Қосанов Мемориалы» – Азия құрлығының Орталық Азия аймағындағы жеңіл атлетикадан үздік халықаралық турнирі болып саналады. Бұл жарыс Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) және Азия жеңіл атлетика қауымдастығының (AAA) күнтізбесіне енгізілген.

Ғ.Қосанов Мемориалы Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) күнтізбесіне кіргендіктен спортшылардың нәтижелері ресми түрде есепке алынады. Яғни Қосанов Мемориалында қатысушылар Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттарының нормативтерін орындауларына мүмкіндіктері бар.

Ғ.Қосанов Мемориалын әр жылдары Олимпиада ойындарында топ жарған Виталий Савин, Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова секілді спортшылары жеңіп алған. Сондай-ақ Олимпиада жүлдегерлері Григорий Егоров, Дмитрий Карпов, әлем чемпиондары Игорь Потапович, Виктор Евсюков, В. Зайцев (Өзбекстан), әлем чемпионатының жүлдегерлері Аббас Самими (Иран) дәстүрлі турнирдің жеңімпаздары болып табылады.

2012 жылы Ғ. Қосанов Мемориалында 5 спортшы Лондон Олимпиадасының нормативін орындап, 4 жылдықтың басты додасына қатысуға мүмкіндік алды.

Жалпы, осы жылдар аралығында Ғ. Қосанов Мемориалына мына елдердің спортшылары қатысқан:

1. Қазақстан 10. Моңғолия 19. Литва

2. Қырғызстан 11. Оман 20. Ауғанстан

3. Тәжікстан 12. Пәкістан 21. Кувейт

4. Түркіменстан 13. Сирия 22. Филиппин

5. Өзбекстан 14. Таиланд 23. Шри Ланка

6. Қытай 15. Әзербайжан 24. Оңтүстік Корея

7.Үндістан 16. Бахрейн 25. Ирак

8. Иран 17. Ресей 26. Грузия

9. Малайзия 18. Украина 27. Кения

2017 жылы «XXVII Ғ.Қосанов Мемориалы» Алматыдағы Орталық стадионда 25-26 маусым күндері өтті.

Ол кезде Мемориалға Азия мен Еуропаның 20 елінен 250 спортшы қатысты: Өзбекстан, Қырғызстан Тәжікстан, Түркіменстан, Украина, Моңголия, Грузия, Қазақстан, Иран, Малайзия, Кувейт, Бахрейн, Филиппин, Таиланд, Шри Ланка, Үндістан, Сирия, Ауғанстан, Үндістан спортшылары болды. Былтыр Қазақстанның – 2, Мемориалдың – 3 рекорды жаңарды.

Биыл XXVIII Ғ.Қосанов Мемориалы 29-30 маусым күндері Алматыдағы Орталық Стадионда өтеді. Жарысқа 11 елден 250-260 спортшы келеді деп күтілуде. Атап айтсақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Иран, Сирия, Бахрейн, Малайзия атлеттері қатыспақ.

Мемориалдың ашылу салтанаты 29 маусым күні сағат 15.30-да басталады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер