Жамбыл Көкеев: «Ақтөбеде» ойнау арманым еді

Жамбыл Көкеев: «Ақтөбеде» ойнау арманым еді
news-banner7
mobile-news-top

«Қайрат» пен «Қайсарда» өз ойынын көрсете алмаған Жамбыл Көкеев биыл «Ақтөбеде» тұрақты өнер көрсетіп жүр. Prosports.kz тілшісіне берген сұқбатында Жамбыл мансабының соңғы жылдарын неге сәтсіз өткізгенін айтып, «Ақтөбенің» бүгінгі жағдайы туралы сөз қозғады. Назарларыңызға сұқбаттың үзіндісін ұсынамыз.

- Жамбыл, алғашқы сұрақты «Ақтөбеден» бастайық. «Ақ-қызылдар» жейдесін киюіңе не себеп болды?

- Былтыр маусым аяқталған соң, үйде демалып, алдағы жиындарға дайындалып жүргенмін. Жаңалықтардан Самат Смақов «Ақтөбенің» бас директоры болғанын оқыдым. Сөйтіп, Смақовқа хабарласып, «Ақтөбемен» бірге жиынға барсам, қалай қарайсың?» деп сұрадым. Ол бірден «иә, кел» деді. Смақовты өте жақсы білемін. Сөйтіп, «Ақтөбемен» бірге жиынға аттандым. Команда жақсы қарсы алды.

- Сонда «Ақтөбеге» ауысуыңа негізгі себеп Смақовтың бас директор болып тағайындалуы ғой?

- Жоқ, сол ғана емес. Ең біріншіден, «Ақтөбенің» жанкүйерлері қатты ұнайды. «Ақтөбеге» қарсы ойнау өте қиын болатын. Негізі, қашан да осы Ақтөбеге келіп, ойнағым келетін. «Ақтөбе» сапында, тіпті, оған қарсы ойнасам да, осы атмосфераны сезінсем дейтінмін. Себебі бұл жақтың стадионы, атмосеферасы, алаңы рахат қой. Қала футболмен өмір сүреді. «Ақтөбеге» келуіме осының бәрі себепші болды. Бұрын «Ақтөбеге» қарсы ойнап жүргенде де, осы клубқа ауыссам екен деп ойлайтынмын. Бұл клубта ойнау арманым десем де болады.

- Енді мансабыңның «Қайсардағы» кезеңі туралы айтып өтейік. «Қасқырлар» сапында неге өз потенциалыңды көрсете алмадың?

- «Қайсарда» бас бапкер Стойчо Младенов көп мүмкіндік берген жоқ. 20 ойында 1-2 рет қана шығарады. Оның өзі негізгі құрамда емес. Сондықтан, өзімді көрсете алмадым. Младенов бір ғана құраммен ойнағанды жасқы көреді. Жаттығуда өзіңді көрсетесің бе, көрсетпейсің бе, оған қарамайды. Матч сайын бір құрамды қоя береді. Ондай кезде өзіңді байқату қиын ғой.

- Кәсіпқой мансабыңның басталғанына 12 жыл болды. Осы уақыт аралығында мансабыңның ең үздік кезеңі деп қай уақытты айта аласың?

- Ең үздік кезеңім «Шахтерде» болды деп ойлаймын. 2006 жылы алғаш рет Қазақстан чемпионы болғанымда әлі жас едім. Ал мансабымның шарықтау шегі деп 2011-2012 жылдары «Шахтер» сапында Виктор Кумыковтың жаттықтыруымен ойнаған кезімді айта аламын.

* Сұқбаттың толық нұсқасы ертең шығады

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер