«Құпия» ақпарат
Жеңіл атлетика

Ғұсман Қосанов шаңғы және футболмен де айналысқан

Ғұсман Қосанов шаңғы және футболмен де айналысқан
news-banner7
mobile-news-top

Алдағы 29-30 маусым күні Алматыда жеңіл атлетикадан дәстүрлі халықаралық Ғұсман Қосанов мемориалы өтеді. Осымен 28-рет ұйымдастырылып отырған жарыстың алдында оқырмандарға атақты спортшы туралы қызықты деректерді ұсынуды жалғастырамыз.

Алғашқы жаттықтырушысы әкесі болыпты

Бүгінгі жастарда «Ғұсман Қосанов несімен ұлттың есінде қалды?» деген сауал туындауы мүмкін. Сөздің шыны керек, Қазақстан жеңіл атлетика мектебінің тарихы тым тереңде десек те, көп жыл бойы халықаралық ареналарда ел намысын өзге ұлт өкілдері қорғап келді. Оның үстіне, қоғамда «қазақ жүгіруге емес, күресуге бейім халық» деген ұғым қалыптасқан болатын. Міне, Ғұсман Қосанов - осы ұғымды түбегейлі теріске шығарған аяулы азаматтарымыздың бірі.

Атақты желаяқтың туған қарындасы Нағима апайдың қолжазба деректеріне сүйенсек, олардың әкесі Ситтық Ықыласұлы соғыс басталысымен 1941 жылы өз еркімен майданға кеткенде, аналары Бибінұр қатты науқастанып, 1942 жылы қайтыс болады да, бар ауыртпалық Ғұсманның нағашы әжесі Кәкімнің мойнына түседі. 1943 жылы Ситтық Ықыласұлы ауыр жарақаттанып елге оралады. Артынша колхозда бригадир болып еңбекке араласады. Ғұсманның өзі туралы жазған «Жеңіске жол» автобиографиялық кітабында мынадай жолдар бар: «Атың өшкір соғыс менің және құрдас- тұстастарымның ең қымбат қазынасы – балалық бал дәуренімізді тартып алды. Біз таңды таңға ұрып, егістіктен масақ теретін едік. Бұл ауыр тұрмыс бізді шынықтырды...». Ғұсманды көзі көргендердің айтуынша, ол кісінің бірінші жаттықтырушысы әкесі Ситтық болыпты. Әкесі Ғұсманға арқанды ұстатып, өзі атпен желіп, ал ұлы қасында жүгіріп отырады екен.

Нағима апаның естелігіне оралсақ, «Бәріміз Изатолла ауылындағы жетіжылдық қазақ мектебінен білім алдық. Ғұсман ағамыз өте елгезек еді, әрі спортқа ерекше ден қоятын. Мектепте оқып жүргенде спортпен шұғылданып, Новопокровка ауылында өтетін мектеп оқушыларының спартакиадасында жүгіруден үнемі бірінші орыннан көрініп жүрді», - дейді.

Біз Ғұсманмен құдандалы болып келетін, әрі бала кезіндегі досы Семейхан Балықбаев ақсақалдан да атақты спортшы туралы көптеген деректерге қаныға алдық. Семейхан ақсақал Ғұсманның жасынан спортты серік етіп, әсіресе жүгіруді басты орынға қойғанын жыр қылып айтып берді. «Біз бірге жүгіре кеткенде оның шаңына ілесе алмай қалатынбыз» деп сонау балалық алыс дәуренін еске алды ол. Әйгілі желаяқтың тағы бір жерлесі Қабыш Омаров ақсақал Қосановтың бір ғана жүгірумен шектелмей, футбол, волейбол, баскетболды тамаша ойнай білгенін алға тартты. Ат арбаға отырып алып, жол бойы ән салып, сол кездегі Жаңа Семей ауданының орталығы болған Новопокровкаға (Жұраға) 1 және 9 мамырдағы спорт жарыстарына баратындарын еске алды. Осында өткен жарыстардағы алғашқы жеңіс жолы Ғұсманның Рим мен Токиоға бастар бейне бір баспалдағы болғандай.

Изатолладағы 7 жылдық мектепті тәмамдаған Ғұсман Семейдегі №13 кәсіптік училищеге түсіп, оны бітіргеннен кейін депода жұмыс істеп, сол жерден 1954 жылы әскер қатарына алынады. 1951 жылы Ғұсман шаңғыдан 10 шақырымдық қашықта Семей қаласының чемионы атанады. Сол жылы теміржолшылар арасында өткен жеңіл атлетика жарысында 100 метрге жүгіруден 11,7 секундтық нәтиже көрсетіп, 2-3 орынды бөлісті. Теміржол училищесінде оқып жүргенде Ғұсман «Локомотив» футбол клубында ойнап, қала біріншілігінің чемпионы да атаныпты. Азаматтық борышын Қырымдағы Севастополь қаласында өтеген Ғұсман өзінің сүйікті қашықтығы 100 метрге жүгіруде әскерилер арасында да болашағынан зор үміт күттіретін атлет екендігін таныта білді. Спортты серік еткен қазақ сарбазы 1957 жылы Киевте Украинаның чемпионы атанады. Ол кезде әр одақтас республика жақсы нәтижелермен көзге түскен спортшыларды қолды-аяғын жерге тигізбей іліп әкететін. Ғұсманға Молдавия құда түсіп, атамыз Кишневтің денешынықтыру техникумына орналасыпты. Артынша КСРО спорт шебері атағын алып, төрт дүркін Молдавия чемионы және КСРО чемпионы атанады, Кеңес Одағының олимпиадалық құрамасына үміткер болып қабылданады. Дәл осы кезде орыс спортшыларының «Біздің нанымызды қос қазақ тартып алды» деген Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқовты меңзей айтылған спорт афоризмі дүниеге келіпті деседі.

1960 жылы Қарулы Күштердің құрама командасының қатарында КСРО біріншілігінде 4Ч100 метрді 40,7 секундта жүгіріп өтіп, ел чемпионы атанды. Осыдан кейін Ғұсман Леонид Бартенев, Юрий Коновалов және Эдвин Озолинмен бірге XVII жазғы Олимпиада ойындарына дайындығын бастап кетеді.

Елге қашан оралды?

1960 жыл. Рим. Олимпиадаға Молдавияның өкілі ретінде қатысса да, қазақтың кім екенін спорт әлеміне танытқан Қосановтың дәуірі болды бұл. 400 метрлік эстафетаның ақтық сынына АҚШ, ГФР, Италия, Венесуэла және КСРО командалары шықты. Осы жарыста қазақ еліне тұңғыш алтынға бергісіз күміс бұйырды.

Елінен жырақта жүрген Ғұсман Молдавияда молдаван қызына үйленіп, Марат және Арман деген қос ұл сүйді. Дегенмен, қалай айтса да, туған жердің түтіні тартып тұрады емес пе?!. 1961 жылы елге демалысқа келген Ғұсман Қонаевтың қабылдауында болып, өзін Қазақстанға алдыруын өтінеді. Дінмұхамед Ахметұлы бұл іске бел шеше кірісіп, Ғұсманды Алматыға алдырып, Әмен Тұяқов екеуіне орталық стадионға жақын жерден пәтер алып береді.

1964 жылы Токиодағы Олимпиадада Ғұсман жалпы командалық бесінші орынды иеленіп, бұдан кейін бірыңғай жаттықтырушылық жұмысқа кетеді. Ғұсманның бұл кәсіптегі еңбегі де бағаланып, ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Еңбектегі ерлігі» үшін медалімен марапатталады. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын бітірген соң, 1965 жылдан өмірінің соңына дейін бар ғұмырын республикалық жоғарғы спорт шеберлігі мектебімен байланыстырды.

Қосанов жаттықтырушы ретінде де көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Оның шәкірті Людмила Голомазова 1968 жылы Мехико Олимпиадасында 100 метрді 11,7 секундта жүгіріп өтіп, қола медаль иеленді.

Амал не, Ғұсманға ұлттық құраманы егемендік жылдарында жаттықтыруға тағдыр жазбапты. Қазақтың атақты желаяғы 1990 жылы шілде айынның 19-ында қайтыс болып, Алматының Кеңсай зиратына жерленді.

Бар-жоғы 53 жыл өмір сүріп, ұлтына аңыз болған жан әр спортсүйер қазақтың жадысында мәңгіге байыздап қалғаны сөзсіз.

Ғұсманның спорттық ғұмырындағы бір әтеген-айы – Алматыда «Спартак» спорт қоғамының 1962 жылы өткен біріншілігінде 100 метрді 10,2 секундта жүгіріп өткенімен жел күшін өлшейтін құрылғы болмауы салдарынан бұл нәтиже КСРО рекорды ретінде де, әлемдік рекордтың қайталануы ретінде да есепке алынбай қалуы еді.

Десек те, Қосанов кеңес спринтерлері арасында украиндық Редькомен жұптасып, аты аңызға айналған америкалық «Қара найзағай» Джесси Оуэнстің 100 метрді 10,2 секундта жүгіріп өткен әлемдік рекордын қайталады деп мақтанышпен айта аламыз.

Нағима Ситтыққызы Ғұсманның 60 жылдығы қарсаңында 1995 жылы Семей қаласындағы бір көшенің атын бергізу үшін талай табалдырықты тоздырды. Атақты спортшыға қаланың қақ ортасынан көше берілмей, ақыры даңқты спортшы атын Барнаульская деген шаһар шетіндегі елеусіз көшеге бергені кейде осы біз арыстарымызды қадірлей білеміз бе деген ойға да жетелейді.

Семейхан Балықбаев ақсақал осыдан төрт жыл бұрын Бородулиха ауданының орталығы Бородулиха ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Ғұсман Қосановтың атын беруге ұсыныс жасаған еді. Міне, сол бастама қолдау тауып, жақында аталмыш спорт мектебіне атақты жерлесіміздің есімі берілгелі жатыр. Ендіге тілеріміз, шұғылалы Шығыста маңдайы жарқыраған тағы бір желаяқ ұл өмірге келсе екен.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ, Бородулиха ауданы. alashainasy.kz

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер