Бокс

Бекдәулет Ибрагимов: WSB кубогын төртінші рет ұтуға тырысамыз

Бекдәулет Ибрагимов: WSB кубогын төртінші рет ұтуға тырысамыз
news-banner7
mobile-news-top

Дүниежүзілік бокс сериясының финалында «Куба батырларына» қарсы «Астана арландары» сапынан 64 келіде шаршы алаңға Бекдәулет Ибрагимов шығуы мүмкін. Таяуда Астанада өткен Президент кубогында жеңімпаз атанған боксшы бүгінде командамен бірге Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүр. «Арландардың» белді боксшыларының бірі Бекдәулет «Астана Президенттік клубының» баспасөз қызметіне берген сұқбатында финалға дайындығы жайлы айтып берді.

- Қазір ұлттық құрама боксшыларымен бірге Түркияда демалып, бір жағынан оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Бәрі де сәтті өтіп жатыр. Бір аптадан кейін елге қайтамыз.

- Жақында Астанада өткен Президент кубогында қарсылас шақ келтірмедің. Турнир сен үшін қалай өтті?

- Бұл турнирге мен толық бабымда келдім. Финалда өзбек боксшысы Икболжон Холдаровпен кездескен едім. Бұрын екеуміздің жолымыз Азия чемпионатында түйісіп, сол кезде жартылай финалда жеңіліп қалғанмын. Бұл жолы қарымта қайтардым. Бірақ, жекпе-жек оңай болған жоқ. Техникасы жетілген, өте шебер боксшы екен.

- Енді алда WSB финалы күтіп тұр. Дайындық қалай өтіп жатыр?

- Толыққанды дайындыққа енді кірісеміз. Қазір демалысымыз аяқталған соң «Астана арландары» боксшылары Астанада қайта жиналамыз. Сол кезде қызу жаттығу жасап, жаттықтырушылар кубалықтарға қарсы кімдердің шығатынын анықтайтын болады.

- Жалпы, Куба боксшыларына қандай баға бересің?

- Куба боксшылары өте мықты. Бәрі де сайдың тасындай іріктелген боксшылар. Дегенмен, біз де мықтымыз. Олады жеңуге әлеуетіміз жетеді. Бұған дейін WSB жобасында үш рет жеңімпаз атандық. Төртінші рет кубокты иеленуге тырысамыз.

- Бұған дейін біз WSB турнирлерінде финалдық кездесулерді өз жерімізде өткізіп жүріп жеңімпаз атанатынбыз. Бұл жолы финал бейтарап алаңда өткелі отыр. Бұл біздің жігіттерге қаншалықты әсер етеді?

- Өте қиын болады. Негізі, жекпе-жектің өз жерімізде өткені жақсы еді. Мұнда жанкүйерлер де көмектеседі. Дегенмен, енді дайындалуымыз керек. Қай жақта болса да, ұтуға шамамыз жетеді.

- Біріккен Араб Әмірліктері немесе Қытай – WSB финалы осы екі елдің бірінде өтеді деп жатыр. Өзің қайсысына барғың келеді?

- Осы екеуден таңдасақ, Дубайға барғанды жөн көрер ем. Қаланы көруге де жақсы. Сондай-ақ, арабтардың ұйымдастыруы да әрдайым жоғары дәрежеде өтеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер