Бокс

Әбілхан Аманқұл: Қазақ боксының деңгейі Кубадан жоғары

Әбілхан Аманқұл: Қазақ боксының деңгейі Кубадан жоғары
news-banner7
mobile-news-top

Дүниежүзілік бокс сериясының финалында «Куба батырларына» қарсы «Астана арландары» сапынан 75 келіде Әбілхан Аманқұл шаршы алаңға шығуы мүмкін. Жақында ғана Президент кубогында топ жарған 20 жасар боксшымен WSB жекпе-жектері туралы «Астана Президенттік клубының» баспасөз қызметіне айтып берді.

- Әбілхан, жалпы биылғы Дүниежүзілік бокс сериясы сен үшін несімен ерекше болды?

- Ең сәтті маусымдардың бірі болды. Өзім биыл осы жобада шаршы алаңға төрт рет шығып, төртеуінде де жеңіске жеттім. Қарсыластың оңайы жоқ қой, бірақ бапкерлердің тапсырмаларын бұлжытпай орындап, әр айқасымды жеңіспен аяқтадым.

- «Астана арландары» сапында жұдырықтасып жүргеніңе үш жыл болды. Бұл жобадағы жекпе-жектер сенің карьераңа қаншалықты өзгеріс әкелді.

- 2016 жылы алғашқы жекпе-жегімді өткізіппін. Ол кезде жасым небәрі 17-де еді. Шынын айтқанда, әлі шикілеу едім. Ал бұл жобадағы жекпе-жектер бірден мені дұрыс жолға салып жіберді. Бұл жақта әуесқой бокстағыдай 3 раунд емес, бес раундтық жекпе-жек. Оңай емес. Біраз шеберлік, тәжірибе жинадым. Көп көмегін тигізді. Оның үстіне, жаттықтырушым Нұрлан Ақүрпековке рахмет! Маған сеніп, командаға қосып, әр маңызды айқастарда шаршы алаңға шығарып жүр. Барлығы 9 кездесу өткізіп, соның сегізінде жеңіске жеткен екенмін. Жаман емес көрсеткіш деп ойлаймын.

- Соңғы жекпе-жегіңді жартылай финал аясында Шеффилдте британиялық Джордан Рейнолдсқа қарсы өткіздің. Сол туралы айтып берсең.

- Қарсыластың жерінде өткен айқас болғандықтан британдықтан бір бас жоғары болуым керек болды. Әйтпесе, тең өткен жағдайда төрешілер көбіне жеңісті шаршы алаң қожайынына бере салады. Мұны жақсы түсіндім. Қарсыластың ыңғайсыз боксшы болғанына қарамастан жекпе-жегімді сәтті өткіздім.

- Алда енді финалда «Куба батырлары» күтіп тұр. Олардың қандай артықшылықтары бар?

- Бізден ешқандай артықшылығы жоқ. Бірақ, олардың әрқайсысы әр салмақта әлем чемпиондары, Олимпиада ойындарының жеңімпаздары. Атақтарынан ат үркеді. Дегенмен, ешқашан қазақ боксшылары кубалықтардан кем болған емес. Қазақстан боксының да деңгейі өте жоғары. Олардан еш қорықпаймыз. Ұтамыз деп сенемін.

- Куба сапында сенің салмағыңда Арлен Лопес бар. Бір-біріңді жақсы танисыңдар. Бұл жолы екеуің кездесіп жатсаңдар, қандай тактика қолданасың?

- Арлен екеуміз екі рет жұдырықтасыппыз. Алдымен былтыр шілдеде Дүниежүзілік бокс сериясында одан ұтылып қалғанмын. Кейін әлем чемпионатында есе қайтардым. Өзара есеп – 1:1. Бұл жолы әлем чемпионатында қолданған тактикамнан қайтпай, тағы да жеңіске жетемін деп ойлаймын. Ұтуға болады.

- Дайындық қалай өтіп жатыр?

- Президент кубогының қарсаңында ұлттық құрама боксшыларымен бірге жаттығу жиынын өткіздік. Қазір де біргеміз. Президент кубогы біз үшін жақсы сынақ болды. Жеңіске жеттім. Енді WSB финалына жақсылап дайындалуым қажет.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер