Бокс

Даниярға салмақ ауыстыру қажет, бұл дивизионда чемпион болу мүмкін емес - БАҚ

Даниярға салмақ ауыстыру қажет, бұл дивизионда чемпион болу мүмкін емес - БАҚ
news-banner7
mobile-news-top

Тек сөге көрмеңіздер! Біз де сіздер секілді Елеусіновтің, жалпы қазақ боксшыларының жанкүйеріміз. Дегенмен, Данияр Елеусіновке бұл дивизионда чемпион болу өте қиын болады. Сондықтан, салмақ ауыстырғаны жөн болар еді.

Жартылай орта салмақ соңғы кездері америкалықтардың дивизионы болып тұр. Мұнда өзге америкалықтардан басқа боксшылардың чемпион болуы өте қиын. Мәселен, boxrec ұсынған үздік ондықтағы мықтылардың жетеуі америкалықтар. Флойд Мэйуезер де талай жыл осы дивизионда үстемдік құрған. Бәсекелестік сұмдық. WBC белбеуі әзірге иесіз демесеңіз, WBA тұжырымы бойынша Кит Турман чемпион, IBF-ті Эррол Спенс меншіктеп алған. Ал WBO белбеуін таяуда ғана аустралиялық Джефф Хорннан Теренс Кроуфорд тартып алды. Иә, бәрі де америкалықтар.

Жалпы, үміткерлер де негізінен америкалықтар. Атап айтар болсақ, жоғарыда айтылған мықтылардан бөлек, бұл салмақта Дэнни Гарсия, Шон Портер, Шон Портер, Адриен Бронер сынды үздіктер бар. Бұлардың қатарына Мэнни Пакьяоны да қосыңыз. Сондай-ақ, Майки Гарсия да енді екі-үш жекпе-жектен кейін осы салмаққа көтерілуі әбден мүмкін.

Сондықтан, чемпиондық белбеуге ие болғысы келсе, Данияр Елеусіновке 67 келіден көтеріліп, 70 келіге ауысу қажет секілді. Онсыз да соңғы кездері әуесқой бокста жерлесіміз дәл осы салмақта жұдырықтасып, Олимпиада чемпионы атанған еді. Ашығын айтқанда, Теренс Кроуфорд немесе Кит Турман мен Эррол Спенстен гөрі Джарред Херд, Джермелл Чарло, Келл Бруктармен айқасқан жеңілірек сияқты. Не болмаса, тағы салмақ қуып, 63,5 келіге түсуге болады. Мұнда қайта бәсекелестік аздау. Беларусь боксшысы Кирилл Релих, украиналық Виктор Постол, франциялық Мохамед Мимун және америкалықтар Хосе Рамирес пен Морис Хукерлердің қасында біздің Данияр «Супермен» секілді көрінетіні рас.

Ал егер Данияр осы дивизионда қалып, чемпиондық белбеулерге қол жеткізіп жатса, онда оның мықтылығы Мэйуезерден де асып түсті деуге әбден болады.

Айтпақшы, ертең Эррол Спенс пен мексикалық Карлос Окампо кездесіп, америкалыққа тиесілі IBF белбеуін сарапқа салады. Екеуі де жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген боксшылар. Қызық болайын деп тұр, - деп жазады diamondring.kz сайты.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер