Велоспорт

«Окситания туры»: «Астана» велошабандозы үздіктер қатарынан көрінді

«Окситания туры»: «Астана» велошабандозы үздіктер қатарынан көрінді
news-banner7
mobile-news-top

Францияның оңтүстігінде «Окситания туры» көпкүндігі басталып, алғашқы кезеңде «Астана» велошабандозы Евгений Гидич мәре сызығын алтыншы болып қиды.

Аламан бәйгелерге енді ғана қосыла бастаған 22 жасар шабандоз 168 шақырымға созылған бұл жарыста тек үздіктерге ғана жол беріп, спринттік бәйгеде 6-шы орынды қанағат қылды.

- Ауыр кезең болды. Үшінші санаттағы екі қыраттан өттік. Мәреге жақындағанда командаластарым алысқа ұзап кеткен пелетонды қуып жету үшін бар күштерін салды. Аянып қалған жоқпыз. Оларға көп рахмет. Мені жетектеп отырып, спринттік жарысқа әкеліп қосты. Ары қарайғысы менің шаруам еді. Өкінішке қарай, соңғы метрлерде позицияны дұрыс таңдамаппын. Әйтпесе, бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге болар еді, - деп ағынан жарылды шабандоз.

Айта кетейік, «Окситания турына» барлығы төрт қазақстандық қатысуда. Гидичтен бөлек, команда сапында Жандоз Бижігітов, Бақтияр Қожатаев және Никита Стальнов бар. Ең тәжірибелісі – 26 жасар Қожатаев. «Астана» сапында кәсіпқой шабандоз ретінде 2015 жылдан бері өнер көрсетіп жүрген Бақтияр 2017 жылғы Азия чемпионы. Сондай-ақ, 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының командалық жарысына қатысқан. Гранд-турлардағы тәжірибесі де аз емес.

Ал Жандос Бижігітов үшін биылғы маусым кәсіпқой велоспорттағы екінші жыл. 27 жастағы шабандоз өткен жылы «Джиро Д’Италия» көпкүндігіне қатысып, оның соңғы кезеңіне дейін жете білген. Жекелей жапыстағы Қазақстан чемпионы. Айтпақшы, Қожатаев секілді, Бижігітов те таулы кезеңдерді жақсы көреді.

«Окситания турына» қатысып жатқан тағы бір қазақстандық велошабандоз Никита Стальновтің жасы 26-да. Бижігітов секілді ол да кәсіпқой велоспорттағы дебютті маусымын өткен жылы өткізіп, бірден «Вуэльта» көпкүндігінде жарысқан. Әмбебап шабандоздардың қатарынан.

Ал Евгений Гидич осы турнирге команданың көшбасшысы ретінде қатысуда. Сондай-ақ, төрт қазақстандықтан бөлек, команда сапында ресейлік Сергей Чернецкий, италиялық Морено Мозер және испаниялық тәжірибелі спортшы Луис Леон Санчес те бар.

Маусымның 17-сіне дейін жалғасатын «Окситания турының» бүгін екінші кезеңі. Жарысқа барлығы 18 командадан 150-ге жуық спортшы тіркелген.

Түпнұсқасы: presidential-club.com Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер