Басқа

Жасталап Санауов: Конфедерация мен ҰОК каратэшілерге үлкен қолдау көрсетіп отыр

Жасталап Санауов: Конфедерация мен ҰОК каратэшілерге үлкен қолдау көрсетіп отыр
news-banner7
mobile-news-top

2016 жыл әлемдік каратэ тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Тап осы жылы талай мәрте олимп ауылынан алыс қалған каратэ ресми түрде Олимпиада бағдарламасына енгізілді. Бұл - спорттың осы түрімен айналысатын әлемдегі миллиондаған адамның ізгі арманы еді. Кез келген спортшы өзін дүбірлі додада шыңдап, әлем көз тіккен бәсеке ат оздырғысы келеді. Олардың қатарында каратэшілер де бар. Ал жиырма жыл бойы спорттың осы түрін төртжылдық додасына қосу үшін тер төккендер каратэшілердің де олимп биігіне көтерілуіне мүмкіндік жасады. 2020 жылы Токиода каратэшілер алғаш рет Олимпиада ойындарында бақ сынайды.

Осы орайда, еліміздегі каратэшілер деңгейі мен ұлттық құраманың қазіргі жағдайын Olympic.kz сайтына Қазақстан Каратэ Федерациясының бас хатшысы Жасталап Санауов түсіндіріп берді.

«Каратэ 2016 жылы ресми түрде Олимпиада ойындарының бағдарламасына қабылданды. Бұл – каратэ әлемі көптен күткен ұлы той еді. Әлемдік каратэнің бір бөлшегі ретінде Қазақстанның Каратэ федерациясы да осыдан соң білек сыбана қызметке кірісті. Бүгінде Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық Комитетінің тікелей бақылауымен көптеген мәселенің шешімін таптық. Солардың ең негізгісі – жарыс кезінде спортшылардың денсауығын қадағалайтын медициналық қосынның жұмыс істеуі. Бұл бізге үлкен көмек екенін айтқым келеді. Федерация биылдан бастап медициналық кешенді ғылыми топтармен жұмысын бастады. Топ құрамына дәрігер, психолог, спорттық массажшы және психолог енеді. Каратэ Олимпиада бағдарламасына енген соң ресми жарыстар мен оқу-жаттыу жиындарының саны бұрынғыдан да арта түсті. Турнирлердің көптігі спортшының әлемдік рейтингтегі орнына тікелей әсер етеді. Ал әлемдік рейтинг арқылы Олимпиада жолдамасы үшін ұпай жиналады. Сондықтан, спортшылар үнемі формасын сақтау үшін бұл мамандардың көмегі ауадай қажет», - дейді бас хатшы Жасталап Санауов.

Бас хатшының айтуынша, каратэден өтетін сайыстар саны күрт өсіп кетті. Сол себепті, спортшыларға түсетін ауыртпалық салмағы да артқан.

«Бүгінде WKF туы астында өтетін кез келген бәсекеге спортшылар көп жиналады. Премьер-лига кезеңдерінде бір салмақтағы спортшылар саны 64-ке дейін өседі. Бұл үлкен бәсекелестік! Бүгінде Премьер-лиганың чемпионы атану әлем чемпионы атанудан әлдеқайда қиын. Өйткені, әлемдік сында ұлттық құрама атынан әр салмақта бір спортшыдан қатысса, Премьер-лигада 5-6 спортшы бақ сынай алады. Сіз мұндай жарыс кезінде спортшының қалай шаршайтынын елестетіп көріңізші. Сөзбен сипаттау мүмкін емес. Міне, осы кезде бізге медициналық қосынның көмегі ауадай қажет. Финал жақындаған сайын жекпе-жектердің арасындағы демалыс уақыты да қысқара түседі. Физикалық тұрғыдан бұл спортшыларға оңай емес. Сондықтан, дәрігер мен массажшы бастаған топтың қажеттілігі туындайды.Олар спортшыға дер кезінде көмек көрсетіп, келесі жекпе-жекке дейін қалыпқа келтіруге, жарақаттарынан айықтыруға көмектеседі », - деген Жасталап Әбдіқанұлы Түркиядағы турнирден мысал келтірді.

«Жақында ғана Стамбулда өткен Премьер-лига кезеңіне жалпы есебі 600-ге жуық спортшы қатысты. Сол сында бізбен бірге ҰОК арнайы қарастырған медициналық қосын бізбен бірге жұмыс істеді. Бұл біздің спортшыларымызға сөзсіз көмектесті», - дейді ол.

Спорт әлемінде ерекше орны бар Жасталап Санауов федерацияға ҰОК тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың зор екеніне алғыс білдірді. Бас хатшының айтуынша, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті бапкерлер мен құрама көшбасшыларының жалақысын, КҒТ мүшелерінің іссапар кезіндегі жол ақысын көтеріп, үлкен көмек көрсетіп отыр. Ұлттық Олимпиадалық комитет құрама команданың оқу-жаттығу жиындарын өткізуді де өз мойнына алған.

Қазақстан Каратэ Федерациясының бас хатшысы Жасталап Санауов каратэнің әлемдегі ахуалы мен Қазақстан спортшыларының әлеуетін саралап өтті.

«Әрине, біз Олимпиадалық қозғалысқа әу бастан мүшеміз. Азия құрлығындағы беделді командалардың біріне айналдық. Азия ойындарында бүгінге дейін 5 алтын медаль жеңіп алдық. Қазақстан құрамасы өзін құрлықтағы тұрақты әрі шебер команда ретінде көрсете білді. Мұның бәрі – Ұлттық Олимпиадалық комитеттің спортты саралау негізінде жасалған жұмыстарының нәтижесі деп те айтуға болады. Саралау кезінде біз «А» тобына түстік. Шын мәнінде, бұл өте әділ жүйе. Федерацияның жеткен жетістіктері арқылы команданы одан әрі жоғары нәтиже көрсетуге үндейді», - дейді Жасталап Санауов.

Тағы бір айта кетерлігі, Каратэ Федерациясы спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының мүшесі атанды. Өз кезегінде бұл федерация мен спорттың осы түрінің алдағы уақытта қарыштап дамуына үлкен мүмкіндік сыйламақ.

«Конфедерация еліміздегі спорттың дамуына үлкен жағдай жасап отыр. Олимпиадалық спорт түрлерін дамытып қана қоймай, бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын да насихаттауда. Конфедерация секілді үлкен әулеттің мүшесі болу біз үшін үлкен мәртебе. Келісім бойынша, Конфедерация Каратэ Федерациясының біраз мәселесін шешіп отыр. Мысалы, жаттықтырушылар мен қосалқы құрамның жалақысы, әкімшілік шығындар және команданы спорттық құрылғылармен жабдықтауды Конфедерация мойнына алды. Ұлттық Олимпиадалық комитет пен Конфедерация қолдауын сезіне отырып, отандық каратэшілер Олимпиада татамиінде атой салуға тырысады. Үлкен мүмкіндік бар кезде үлкен жеңістер де жақындай түседі. Сондықтан, біздің серіктестігіміз өз жемісін көп күттірмейді деп ойлаймын», - деді Жасталап Санауов.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер