Қысқы

Жас қазақстандық биатлоншылар Елена Хрусталева Кубогында бақ сынайды

Жас қазақстандық биатлоншылар Елена Хрусталева Кубогында бақ сынайды
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін Алматыда өткен баспасөз конференциясында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және Қазақстан биатлоншылары одағының вице-президенті Елена Хрусталева биатлоннан еліміздегі республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы республика чемпионаты биыл бірінші рет жаңартылған форматта және оның жеке жетекшілігімен өтетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, аталмыш сайыстың жеңімпаздары Елена Хрусталева кубогына ие болмақ.

Жаңа маусымда балалар арасындағы республикалық турнирдің жиілігі мен географиясы артады. Ұйымдастырушылардың идеясына сәйкес, жарыстың жаңартылған форматы қатысушылардың бәсекеге қабілеттілігін және олардың биатлондағы кәсіби шеберлігін жаңа деңгейге көтеруге және осы спорт түріне жаңа аяқ басқан спортшылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған.

- Осы маусымнан бастап біз жарыстың форматын өзгертпекпіз. Біз ең алдымен, республикалық чемпионат кезеңдерінің географиясын кеңейтіп жатырмыз - бұған дейін жарыстар жылына екі рет бір ғана орында өткізілді, еліміз байтақ, аумағы үлкен, тиісінше көптеген жас спортшыларымыз жарыс ордасына жете алмады. Осы маусымнан бастап, турнирлер биатлон орталықтары бар облыстарда өткізіледі. Жаңа бастама елдің түрлі өңірлерінен келетін балалар саны көрсеткішін үш есе ұлғайтады деп есептейміз, - деді Е. Хрусталева.

Жаңа маусым, маусым айының 15-і мен 18-і аралығында Риддер қаласындағы турнирден (ШҚО) бастау алады. Бұл бәсекеге Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және басқа аймақтардан 250-300 бала (2003-2009 туылған ж.) қатысады деп күтілуде.

Жалпы, ағымдағы жылы Елена Хрусталеваның жетекшілігімен төрт үлкен турнир өткізу жоспарланған. Риддерден бөлек, шілде-қыркүйек айлары аралығында Петропавлда тағы үш турнир өтеді, олар Щучинск қаласындағы Олимпиадалық резерв базасында және Балқашино (Ақмола облысы) ауылында орын алмақ. Жарыстың төрт кезеңінде балалар мен жасөспірімдер Елена Хрусталева Кубогы үшін күш сынайды. Қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері өз кезегінде шеберлік-сыныптарын өткізеді, сондай-ақ мылтықпен нысананы көздеу бойынша кәсіби кеңесімен бөлісіп, жас спортшылардың сауалдарына жауап береді.

Турнирдің қатысушылары үшін сыйлықтар көзделген. Балалардың спорттық киімі дизайнын жасауға бет бұрған Е.Хрусталева және жоба серіктесі қазақстандық балмұздақ өндірушісі «Шин-Лайн» компаниясы «Бомба» тауарлық белгісімен өз сыйлықтарын ұсынады.

Қазақстандық биатлоншының пікірінше, балалар турниріне жетекшілік ету шешімі жас спортшыларды отансүйгіштікке баулуға, олардың спортқа деген оң көзқарасын нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жас спортшылармен көп уақыт өткізу нәтижесінде биатлон және шаңғымен сырғанаудың ерекшеліктері мен құпияларын үйретуге септігін тигізеді.

- Балаларға спортпен шұғылдануға әрдайым мотивация қажет, олар жарыстар мен жаттығулардан оң сипаттағы эмоцияларды қабылдауы орынды. Біздің мақсатымыз - олардың ұмтылысын, спортқа деген қызығушылығын қолдау, сондай-ақ үлкен спорт түрлерінде жоғары мақсаттарға жетуге ынталандыру, - деді Е.Хрусталева.

Баспасөз конференциясына Алматы қаласындағы №7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жетекшісі Владимир Таранов пен WPC федерациясы бойынша пауэрлифтингтен спорт шебері, Азия чемпионы, World Class фитнес-орталығының өкілі Валихан Тен қатысып, Елена Хрусталеваның бастамасына қолдау білдірді.

Мұнымен қатар, баспасөз мәслихатына қатысушылардың айтуынша, Қазақстандағы биатлон маусымының финалында елімізде алғаш рет балалардың Олимпия күні ұйымдастырылмақ. Бұл бастама 2020 жылы Швейцарияның Лозанна қаласында өтетін балалар мен жасөспірімдер Олимпиадасында жас қазақстандық спортшылардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне бағытталған.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер