Жеңіл атлетика

Виктория Зябкина Грекиядағы жеңісті серияны жалғастырды

news-banner7
mobile-news-top

Қазақстандық желаяқ Виктория Зябкина өзінің Еуропадағы сәтті жорығын әріқарай жалғастыра түсті. Бұл жолы Грекиядағы Papaflessia халықаралық турнирінде күміс жүлдеге қол жеткізді, деп жазады жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты.

Ежелгі Эллада елінің Каламата қаласында Румыния, Болгария, Украина, Грекия және т.б бірнеше елдің спортшылары бақ сынаған жарыста жерлесіміздің қарқыны қуантты.

Жарыс кезіндегі желдің қатты болғанына қарамастан атлеттер аянып қалған жоқ. 100 метрлік сайыстың финалдық кезеңінде Зябкина бірталай мықтылармен жарысты. Олардың арасында 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында 4х100 метрлік эстафетада қола жүлде алған Кристина Стуй да (Украина) бар.

Айтпақшы, бірінші-екінші орынды аталған екі спортшы өзара бөлісті. Стуй мәреге 11.20 секундта жетсе, Викторияның көрсеткіші – 11.26 секундты құрады.Үшінші орынды грекиялық Екатерина Сарриға бұйырды (11.65 сек).

Алматылық 25 жастағы атлет осының алдында Грекияда өткен тағы бір жарыста да (Chania Invitational) күміс жүлде еншілеген. Ол кезде 100 және 200 метрге жүгірген.

Енді Виктория Зябкина 13 маусым күні Грекияның астанасы Афиныдағы Filothei Women Gala додасында бақ сынайды. Спортшының барлық қаржы шығынын Altay athletics клубы өз мойнына алып отыр.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер