Футбол деген бір ғажап!
Әлем футболы

Бразилия құрамасының әлем чемпионы атануына үш себеп

Бразилия құрамасының әлем чемпионы атануына үш себеп
news-banner7
mobile-news-top

Ресей жерінде өтетін Әлем чемпионатының басталуына бар-жоғы бір апта ғана уақыт қалды. Осы орайда prosports.kz сайты назарларыңызға Әлем біріншілігі тарихындағы ғажайып сәйкестікті ұсынады.

2018 жыл қазақша жыл санау амалы бойынша ит жылы. Егер Әлем чемпионатының тарихын жақсылап зерттесек ит жылы тек ғана не Италия, не Бразилия құрамасы чемпион болғанын байқаймыз.

Бәріміз білетіндей биыл Италия құрамасы ғаламдық додаға қатысу құқығына қол жеткізе алмады. Демек, тарихтың доңғалағы өз жолынан жаңылмаса, Ресейде Бразилия құрамасы чемпион болады (Бұны бірінші деп қойыңыз).

Енді анықырақ тоқталайық:

1934 жыл. Ит жылы. Екінші кезекті Әлем чемпионаты Италияда өтті. Финалда алаң иелері Чехословакия құрамасын 2:1 есебімен жеңіп чемпион атанды.

1946 жыл. Ит жылы. Дүниежүзілік екінші соғысқа байланысты Әлем чемпионаты өткен жоқ.

1958 жыл. Ит жылы. Әлем чемпионаты Швеция жерінде өтті. Финалда Бразилия құрамасы алаң қожайындарын 5:2 есебімен жеңіп, чемпион болды.

1970 жыл. Ит жылы. Әлем чемпионатын Мексика елі қабылдады. Ақтық сында Бразилия құрамасы Италияны жеңіп, чемпион атанды. Есеп 4:1

1982 жыл. Ит жылы. Әлем чемпионаты Испанияда өтті. Финалда Германия құрамасын (ГФР) 3:1 есебімен жеңген италиялықтар бас жүлдеге қол жеткізді.

1994 жыл. Ит жылы. АҚШ елінде өткен Әлем чемпионатының финалында Бразилия мен Италия құрамасы есеп аша аламай, пенальти сериясында оңтүстік америкалықтардың жолды болды (3:2).

2006 жыл. Ит жылы. Бәріміз білетіндей, Германияда өткен біріншіліктің бас жүлдесін Италия мен Франция құрамалары сарапқа салды. Ойын 1:1 есебімен аяқталып, пенальти сериясында Италия жеңіске жетті (5:3).

2018 жыл. Ит жылы. ...

Негізі зер салып қараған адамға кездейсоқ сәйкестіктер бұнымен шектелмейді. Италия құрамасы бұдан бұрын 1958 жылы Әлем чемпионатына жолдама ала алмаған болатын. Ал ол кезде Бразилия топ жарғанын жаздық. Демек, биыл Неймар бастаған команданың жеңіске жетуіне тарихтан екінші себеп табылды.

Тағы бір қызық жағдай, 1982 жылдан бері чемпион болған құрамалардың көшбасшы ойыншысының жасы 26-да болған.

1982 жылғы чемпион Италия құрамасының сапында 26 жастағы Паоло Росси болды.
1986 жылы 26 жастағы Марадона Аргентинаны бастап турнирде топ жарды.
1990 жылы Германия құрамасы 26 жастағы Юрген Клинсманның бастауында әлем чемпионы атанды.
1994 жылы Бразилия құрамасының чемпион болуына 26 жастағы Мауро Силваның сіңірген еңбегі көп.
1998 жылы Францияның топ жаруына үлкен үлес қосқан Зинедин Зидан 26 жаста болатын.
2002 жылғы әлем чемпионы әрі турнирдің үздік сұрмергені бразилиялық Роналдо да 26 жаста еді.
2006 жылғы Италия құрамасының сапындағы Андреа Пирло сынды саңлақтың да жасы 26-да болатын.
2010 жылы тұңғыш рет әлем чемпионы атанған Испания үшін 26 жастағы Андрес Иньестаның алар орны ерекше.
2014 жылы Германия құрамасының сапында жасы 26-ға келген Месут Озиль сынды сұрапыл ойыншы болды.
2018 жылы Бразилия құрамасының көшбасшысы Неймардың жасы 26-да! Сомен бразилиялықтардың Ресей жерінде жеңімпаз атануына үшінші себеп табылды. Неймарды аз десеңіз, Филиппе Коутиньо да биыл 26 жаста.

Әрине, осыған қарап Бразилия құрамасын биыл әлем чемпионы атанады деп кесіп айтуға негіз жоқ. Біз тек тасқа қашалған тарихтың таңғалдырған тұсын теріп көрдік. Бірақ, Бразилия құрамасы бұл сәйкестіктерсіз де Әлем чемпионатының басты фавориттерінің бірі.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер