Ұлттық спорт

Арман Сағынбаев: Финалда өзімнен 25 келі ауыр балуанды жеңдім

Арман Сағынбаев: Финалда өзімнен 25 келі ауыр балуанды жеңдім
news-banner7
mobile-news-top

Аударыспақтан биылғы Азия чемпионатында ақтөбелік балуан Арман Сағынбаев абсолютті салмақта топ жарған болатын. Арман Prosports.kz тілшісімен болған әңгімеде құрлықтық доданы қалай жеңіп алғанын айтып, алдағы жоспарымен бөлісті.

- Чемпиондық жолымда бірнеше қарсыласты жарыс жолынан шығардым. Ауғанстандық және қырғызстандық балуандармен белдесіп, жеңіске жеттім. Абсолютті салмақта 80 келіден жоғары он балуан тартысқа түскен.

- Ал сенің салмағың неше? Кездескен қарсыластарыңның ішінде ең ауыры кім болды?

- Менің салмағым – 85 келі. Ал мен кездескен қарсыластардың ішінде ең ауыры Біржан Қосалиев болған. Оның салмағы 110 келі. Екеуіміз финалда белдесіп, мен жеңіске жеттім.

- Арман, сен Азия чемпионатына алғаш рет қатысып тұрсың. Ал финалда Азияның 3 дүркін чемпионы, 2013 жылдан бері жеңілмеген Біржан Қосалиевті ұттың. Бұл жетістігің ненің арқасында?

- Аударыспақ – ат үстіндегі күрес. Күрестегідей мұнда да тактика керек. Өзіңнен 25 келі ауыр спортшыны құлату қиын. Күрес кезінде оған да ұпай бермедім, өзім де ұпай алмадым. Тек уақытқа ғана күрестім. Егер ұпай бойынша тең тұрсаң, белдесу болады. Белдесуде кімнің қолы үзілсе немесе онда да тең түссе, кім жеңіл, сол ұтады. Мен сол тактика бойынша уақытты ойлап күрестім.

- Аударыспақтан биылғы Азия чемпионатында шетелден келген спортшылар алтын алды ма?

- Жоқ, алтын медаль алғанның бәрі де қазақ балуандары. Ал екінші не үшінші орындарда шетелдіктер бар.

- Шетелдік деп отырғанымыз басқа елдерден келген қазақтар ғой? Әлде басқа да ұлттар болды ма?

- Мысалы, Қытайдан өзіміздің қандастарымыз келді. Аударыспақты нағыз қытайлар ойнамайды ғой. Сол елдің қазақтары ғана. Ресей мен Моңғолиядан да қазақ қандастарымыз келді. Қазақтардан бөлек, Азия чемпионатына қырғыз, өзбек пен тәжік, ауған балуандары қатысты.

- Құрлықтық жарысқа қалай дайындалдыңдар?

- Спорт басқармасы көмектесіп жатыр ғой. Бүкіл шығынымызды көтереді. Шамамен, бір айдай Таразда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Физикалық дайындық, атпен дайындық. Тараздан тіке Астанаға барып, чемпион атандым.

- Аударыспақ біздің елімізде аса танымал емес. Бұл спортқа қалай келдің?

- Иә, бұған дейін де басқа спорттарға қатысып көрдім. Көрші досым ат спортына қатысатын еді. 2010 жылы сонымен бірге мен де бардым. Сөйтіп, алғаш рет аударыспаққа қатыстым. Ал 2011 жылдан бастап жарыстарға шыға бастадым.

- Қандай жарыстардан жүлделі болдың?

- Ең алғашқы жарысым – жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты. 2012 жыл болатын. Сол кезде екінші орын алғанмын. Сол жылы жастар арасындағы ел чемпионатында бақ сынап, үшінші орынға табан тіредім. 2013 жылы ересектер арасында шыға бастап, ел біріншілігінде тағы да үшінші орын алдым. 2014 жылы Шымкентте халықаралық турнир өтіп, сонда екінші орын алғаным бар. Екі жылдан соң «Астана жұлдызы» турниріне қатысып, финалға шыққанмын. Ақтық сында Біржан Қосалиевпен кездесіп, ұтылып қалдым. Ал, міне, биыл Азия чемпионатында Біржаннан есемді қайтардым.

- Енді алда қандай жарыстар бар?

- Маусымның аяғында Қазақстан чемпионаты өтеді. Ал кейін қыркүйекте Қырғызстанда Бүкіләлемдік көшпенділер ойыны болады. Аударыспақтан болатын ең ірі жарыс сол.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер