Теннис

Зарина Диястың Страсбург турниріндегі қарсыласы белгілі болды

Зарина Диястың Страсбург турниріндегі қарсыласы белгілі болды
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-інші ракеткасы Зарина Диястың Страсбург (Франция) турниріндегі қарсыласы белгілі болды.

Зарина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте небәрі 382-інші орында тұрған Польша елінің өкілі Катажина Питермен күш сынасады. К.Питер бүгін іріктеу сайысының финалында әлемнің 215-інші ракеткасы, франциялық Миртиль Жоржесті тартысты матчта 6:1, 6:7 (5:7), 6:4 есебімен ұтып, негізгі турнирге жолдама алды.

З.Дияс екінші айналымға өтсе, осы турнирдің 6-ыншы ракеткасы болып тіркелген венгриялық Тимея Бабош немесе франциялық Фиона Ферроның қай жеңгенімен кездеседі.

Жүлде қоры 300 мың АҚШ долларына жуықтайтын Страсбург турнирі 27 мамырда мәреге жетеді. Сонымен қатар тағы бір қазақстандық теннисші, әлемнің 80-інші ракеткасы Юлия Путинцева өз бағын 20-26 мамыр аралығында өтетін Нюрнберг (Германия, жүлде қоры - 226 750 АҚШ доллары) турнирінде сынап көрмек. Дегенмен Юлияға жеребе жолдас болмады. Оған бірінші айналымда осы жарыстағы көшті бастаған әлемнің оныншы ракеткасы, америкалық Слоан Стивенс түсті.

Бұл екі жарыс та «Үлкен дулығаның» бірі Ролан Гаррос турнирі алдындағы теннисшілердің ащы терін алып, дайындығын ұштай түсетін бәсеке болып есептеледі.

Еске сала кетейік, мұның алдында Зарина Диястың Рим турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 12-інші ракеткасы, германиялық Анжелика Керберден ұтылып қалғанын жазған болатынбыз. А.Кербер ширек финалда Украина елінің үкілі үміті, әлемнің 4-інші ракеткасы Элина Свитолинаға есе жіберді. Э.Свитолина бүгін эстониялық Анетт Контавейтті 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды.

Түпнұсқасы: inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер