Дзюдо

Кристина Сотникова Азия чемпионы атанды

news-banner7
mobile-news-top

Ливанның астанасы Бейрут қаласында кадеттер арасында өткен дзюдодан Азия чемпионатында шығысқазақстандық спортшы Кристина Сотникова жеңімпаз атанды.

Құрлықтық бәсекеде ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының «Семей қаласы бойынша № 1 Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ спортшысы Кристина Сотникова 63 келі салмақ дәрежесінде барлық қарсыластарын айқын ұтып, жеңістің биік сатысынан көрінді. Аймақ атынан ел құрамасы сапында бір бұрымды спортшымыз өнер көрсетіп, өз салмағында теңдессіз екенін тағы бір байқатты. Екі жыл көлемінде Кристина Сотникова Азия чемпионатының қола жүлдегері, Лондон олимпиадасының қатысушысы Еркебұлан Қосаевтың қол астында жаттығып келеді. Бұрымды дзюдошы жауапты жарыс алдында жеті бірдей оқу-жаттығу жиындарына қатысқан. Бапкерімен бірлесе, сапалы дайындық жүргізген спортшы алдағы әлемдік додаларда топ жаруды көздейді.

Айта кету керек, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының екінші күні ел құрамасы үшін сәтті аяқталды. Себебі, бұл күні қоржынға бұрын соңды болмаған 4 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль түсті. Ал, екі күн қорытындысында жас татами шеберлері 6 алтын, 5 күміс, сондай-ақ 4 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте топ жарды.

– Осы жарыста жасөспірімдер құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, бапкерлер сенімін ақтай білді. Мұндай жарқын жеңістер спортшылардың төккен тері мен еңбегінің арқасы. Жаттықтырушылар да жарады. Ендігі жарыс жолына шығатын жастар құрамасы да үздік нәтиже көрсетеді деп сенемін, – деді жасөспірімдер арасында облыстың аға жаттықтырушысы Аман Шәріпов.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер