Just Wrestling
Күрес

Жұмағазиев: Күрес -әр қазақтың қанына сінген өнер

Жұмағазиев: Күрес -әр қазақтың қанына сінген өнер
news-banner7
mobile-news-top

Жуырда еркін күрестен Қазақстан чемпионаты аяқталды. Биылғы дүбірлі додада еліміздің кіл мықты балуандары бақ сынады. Соның бірі, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы Дәурен Жұмағазиев. Ұзақ уақыт бойы боз кілемге шықпаған Алматы облысының тумасы ел біріншілігіне қатысып қана қоймай, күміс медаль иегері атанды. Prosports.kz тілшісі Қазақстан чемпионатынан кейін даңқты балуанымызбен кездесіп, аз-кем әңгіме өрбіткен еді.

- Дәурен, сізді боз кілемнен көрмегелі көп болды ...

- Ия, біраз жылдан бері үлкен жарыстарға қатыспадым. Оған белігілі бір себептер болды. Үлкен спортта жүрген соң жаттығулар, жарыстар кезінде жарақаттар алмай тұрмайсың. Күрестен ұзақ уақыт алшақ болсаң сағынады екенсің. Күрес әр қазақтың қанына сінген өнер ғой. Бұл біздің болмысымызда, қанымызда бар қасиет. Сол себепті жарақаттарымды емдеп, боз кілемге қайта оралуға бел будым.

- Биылғы ел чемпионатына Дәурен Жұмағазиев қатысады деген ақпараттың өзі біраз күрес мамандарын састырды. Сіз қатысып қана қоймай, күміс жүлдені жеңіп алдыңыз. Шырайлы Шымкентте өткен жарыс жайлы айтып өтсеңіз?

- Жалпы Қазақстан чемпионаты жақсы өтті. Қазіргі таңда әр салмақта бәсекелестік өте жоғары деңгейде. Қарсыластарымның барлығы осал болған жоқ. Бұл еліміздегі күрестің дамығанын білдіреді. Өкінішке орай, финалдық белдесуде тактикалық тұрғыда қате жібердім. Мен үшін әр кездесу, әр жеңіліс - үлкен сабақ.

- Ел аузында сізді күрестен кетіп, аралас жекпе-жекке бет бұрмақшы деген сөздер жүрді.

- Батырлық, жауынгерлік - қазаққа тән қасиет. Оған қоса, әлмедік промоушендарда топ жарып жүрген баһадүрлердің басым көпшілігі еркін күрес шеберлері. Өмірімнің бір кезеңдерінде аралас жекпе-жек спортында өнер көрсетсем деген ой болғаны рас. Алайда, біреуді ұру немесе өзге адамның денсаулығына нұқсан келтіретін спорт түрлері дінімізде рұқсат етілмеген. Сол себепті әкеммен кеңесе келе ол ойымнан бас тарттым.

- Дәурен, алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Қазір менің ойым тек күресте. Алдағы жылдары боз кілемде аянбай еңбек етпекпін. Жарақаттан аман болсам, әлі де биік белестерді бағыныдырып, еліміздің көк туын асқақтатамын. Қазақтар кеш жетіледі деген қағида бар. Меніңше, қазақ жігіттері жиырма бестен кейін олжа салады деген сөздер де бекер айтылмаған әңгіме. Өз әлеуетімізді, мүмкіндігімізді Қазақстан біріншілігінде көрдік. Ешкімнен кем емеспін. Бар мақсат – жанкүйерлерімнің үмітін ақтап, ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғау.

- Сұхбатыңызға рахмет! Алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер