Грек-рим күресі

Ақтауда Ж.Үшкемпіров жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтті

news-banner7
mobile-news-top

Ақтауда қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир болып өтті.

Ауқымды шараға Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров пен аймақ басшысы Ералы Тоғжанов қатысты. Турнирдің ашылуынан соң меймандар демеуші қаражатына салынатын спорт сарайының іргетасын қалау рәсіміне қатысып, жастармен бірге теңіз жағасында дене шынықтыру жаттығуларын жасады.

Грек-рим күресінен халықаралық турнир Ақтауда алғаш рет болып өтті. 4 және 6 мамыр аралығына созылған дүбірлі додаға әлемнің 15 мемлекетінен келген 60 балуан қатысты. Ал қазақ елінің намысын 100-ге жуық спортшы қорғады. Жарыс жеңімпазы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің қолынан ақшалай жүлде алды.

Жақсылық Үшкемпіров, грек-рим күресінен Олимпиада және әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері:

– Маңғыстау облысына мыңда бір рақмет. Осындай жарыстарды көп өткізе берсін. Мұның барлығы да не үшін? Ұрпақ үшін! Бізден кейін аренаға шығатын солар. Сондықтан барлығымыз бірауыздан осындай жарыстарды көбірек ұйымдастыруымыз керек.

Юрий Мельниченко, Олимпиада чемпионы, ҚР Күрес федерациясының вице-президенті:

– Жақсылық Үшкемпіров – қазақ еліне ғана емес, әлемге үлгі спорт саңлағы. Қазақстанда грек-рим күресінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан спорт ардагері. Оның салған ізін жалғаушы жастарымыз әлемдік деңгейдегі жарыстардан жүлделі оралып жүр. Бүгінгі турнирді өткізудегі мақсатымыз – жас буынға даңқты спортшыны үлгі ете отырып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

Жақсылық Үшкемпіров алғашқы кірпішін қалаған спорт сарайының құрылысы биыл басталады. Аумағы 20 мың шаршы метрден асатын үш қабатты ғимаратта бассейн мен бокс, таэквондо, дзюдо, ауыр атлетика залдары болады. Сондай-ақ кешен жанынан көп қызметті ашық алаңдар салу жоспарланған. Жарыстың екінші күні Олимпиада чемпионы теңіз жағалауына барып, үш мыңға жуық өңір жастарымен бірге таңғы жаттығу өткізді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер