Велоспорт

«Астана» Джиро д’Италияда топ жара ала ма

«Астана» Джиро д’Италияда топ жара ала ма
news-banner7
mobile-news-top

4 мамырда Иерусалимде велоспорт әлемінде болатын ең маңызды оқиғалардың бірі басталады – Джиро д’Италия көпкүндігі. 101 жылдық тарихы бар жарыс алғаш рет Еуропадан жырақта, Иерусалимде басталады. 3 апта ішінде велошабандоздар мыңдаған шақырымды басып өтіп, жеңімпаз 27 мамырда Римде анықталады. Еліміздің намысын бұл жарыста әдеттегідей Astana Pro Team қорғайды.

Үлкен өзгеріске ұшыраған соң былтырғы маусымды шабандоздар үшін сәтті өтті деуге келмес. Бірақ олар психологиялық тұрғыда айығып үлгерді. Ал командаға келген жаңа ойыншылар маусымның басты додаларына дайын. Бұған жақында ғана өткен жарыстар дәлел: соңғы Джиро дель Трентинода «Астана» бес кезеңнің үшеуін ұтып, жарыс қорытындысы бойынша «Үздік команда» атанды. Бұл жарыс Джиро д’Италия алдындағы дайындық ретінде есептеледі, сондықтан біздің командадан мамырда табыс күтуге болады.

Astana Pro Team алдағы додаға мына құрамды қатыстырады: Мигель Лопес, Луис Леон Санчес, Алексей Луценко, Андрей Зейц, Пейо Бильбао, Ян Хирт, Танел Кангерт, Давиде Виллелла. Команданың басты үміті, әрине – Мигель Лопесте. Ол Кицбюэлер-Хорнде корольдік кезеңде жеңіске жетіп, Джиро дель Трентиноның жалпы есебінде үшінші орын алған еді. Сонымен қатар, жанкүйерлер өз отандастарына да үміт артады. Алексей Луценко жақында Оман турында топ жарып, енді алдағы жарысқа дайындалып жатыр. Былтыр велоспорттан Азия чемпионатында жеңіске жеткен Андрей Зейц те өзін айтулы жарыста бар қырынан көрсетпек.

Енді «Астана» шабандоздары жанкүйерлер үмітін ақтап, Римде мәре сызығын жеңімпаздардың бірі ретінде кесіп өтуі тиіс. Көктемнің басты көпкүндігін 4-27 мамыр арасында Eurosport 1 телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер