Жерар Гоу: Қазақстан – менің екінші отаным 

Жерар Гоу: Қазақстан – менің екінші отаным 
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстандық жанкүйерлер Жерар «Гол» атап кеткен ивуарлық шабуылшы қазіргі таңда Қытай біріншілігінде өнер көрсетіп жүр. Үш жыл қатарынан Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені болған «қара маржан» Prosports.kz сайтының тілшісіне берген сұқбатында ағынан жарылып, Қазақстанды сағынатынын айтып, мүмкіндік болса міндетті түрде оралуға уәде берді.

«Гоу бар жерде, гол бар» дейтін қазақ жанкүйерлері. Бұған да өзіндік себеп бар. «Қайраттың» бұрынғы шабуылшысы үш жарым жылда өткізген жүзден арта ойынында қарсыласының қақпасын 80 мәрте дәл көздеген. Гоу әлі де болсын бабында. «Бэйцзин Энтерпрайзес» командасында 2 матчқа қатысып, екі гол соқты.

- Қал-жағдайыңыз қалай, Жерар? Қытайға бейімделіп алдыңыз ба?

- Иә, бәрі тамаша. Мен бірінші кезекте футболшымын. Шетелге жиі шығып тұрамын. Оның үстіне өзімнің жұмысымды жақсы көремін. Сол себепті бәрі жақсы болуына тырысамын.

- Қазақстан Премьер-Лигасы мен Қытай біріншілігі арасында айырмашылықты сезіндіңіз бе?

- Әр елде футболды өзінше ойнайды. Алайда Қазақстанға қарағанда Қытайда қиындау. Себебі командада менен басқа шетелдік футболшылар жоқ.

- Өзіңіздің бұрынғы командаңыз – «Қайраттың» матчтарын қарап тұрасыз ба?

- Иә, әрине. Оқудан немесе жұмыстан қолым бос кезде мінетті түрде қараймын. Өйткені «Қайратты» жақсы көремін, өткенді жылы еске аламын.

- Ал бұрынғы әріптестеріңізбен сөйлесіп тұрасыз ба?

- Иә, көбімен әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз.

- Қазақстандық жанкүйерлер сіздің әрбір ойында гол соғатыңызды сағына еске алады... Егер Қазақстанға оралудың мүмкіндігі туса, келер ме едіңіз?

- Иә, Қазақстанға оралатын мүмкіндігім болса, міндетті түрде келемін. Өйткені Қазақстан – менің жүрегімнен орын алған екінші отаным.

- Қазақстан футбол Федерациясының тарапынан Қазақстан Ұлттық құрамасында ойнау туралы ұсыныс түссе қабылдар ма едіңіз?

- Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан – менің жүрегімде сақтаулы. Сол себепті ұсынысты қуана қабылдар едім. Оның үстіне, достарыңмен бір командада ойнауға не жетсін.

- Владимир Вайсс өзінің бір сұқбатында сіз туралы былай деген: «Гоу – Құдай берген шабуылшы. Мен ол сияқты голдың соғылуын алдын ала сезетін ойыншыны кездестірмедім. Ол керек кезде керек жерден табылады. Жылдамдығын сәл арттырса, Еуропаның топ чемпионаттарында өнер көрсетер еді. Мәскеулік ЦСКА оған қызығушылық танытқанда таңғалмадым». Өзіңіздің бұрынғы бапкеріңізге біз арқылы сәлем жолдасаңыз болады.

- Бұл сұқбатты оқымадым (күледі). Бірақ Вайсстың мен туралы осылай айтқанына өте қуаныштымын. Вайсс – мен кездестірген бапкерлердің ішінде ең үздігі. Ол маған әкемдей болып кетті. Оның қол астында тағы ойнағым келеді. Вайсс – сөзшең емес. Көп сөйлегенді ұнатпайды. Бірақ маған айтқан сөздері, мені жігерлендіріп, жақсы ойнауыма себеп болатын.

- Сұқбатыңызға рақмет! Сізге сәттілік пен кәсіби жетістіктер тілейміз!

Аудармашы: Бекнұр Бақтыкериев

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер