Әлем футболы

Неймар ПСЖ-дан кетуі мүмкін

Неймар ПСЖ-дан кетуі мүмкін
news-banner7
mobile-news-top

Өткен жылы футболдан Бразилия ұлттық құрамасының шабуылшысы Неймар «Барселонадан» «Пари Сен-Жерменге» ауысқан. Нәтижесінде 25 жастағы футболшы трансферлік нарықты бұрын-соңды болмаған соммамен жаңартқан. Алайда бразилиялық ойыншы жазғы маусымда «ПСЖ» сапынан да кетуі мүмкін. Бұл туралы Вaq.kz ақпарат агенттігі испандық «Mundo Deportivo» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның жазуынша, аталған ақпарат шындыққа жанасуы әбден ықтимал. Әлемдегі атақты футболшылардың бірі Ривалдо Неймарға Франциядан кетіп, Испанияға оралуға кеңес беріпті.

«Мен Неймарға әлем мойындайтын футболшы атана аласың дедім. Бірақ ол Парижде қалса діттеген мақсатына жете алмайды. Спорт әлемінің басы қасында жүрген азаматтардан оның «Реалмен» байланысы барын естідім. Мадридке ауысса үздіктер сапына көтеріле алады», - дейді әлем чемпионы.

Араб инвестициясының арқасында тасы өрге домалап тұрған «ПСЖ-ға» қазір тұтас Францияда қарсылас табылмай тұр. Бірінші лигада 2-орында келе жатқан «Монаконың» өзі Эмери жаттықтыратын командадан 20 ұпай артта. Осы маусымда париждық клуб өз еліндегі барлық жарысты қанжығана байлады.

Алайда Неймар аз уақыттың ішінде бас бапкермен сөзге келмей қалды, командаластарымен ойын барысында ерегесті. Тіпті, ол жаттығу барысында өзіне ерекше күтім керектігін алға тартты.

Өз кезегінде «Реал» футбол клубының президенті Флорентио Перес ұрымтал сәтті пайдаланып, футболшының ауысуы әлемді дүр сілкіндірмес үшін қазірдің өзінде алғы шарттарын жасап жатыр. Оған дәлел корольдік клубтың сапындағы Рамос, Каземиро сынды ойыншылардың бразилиялыққа қатысты жылы сөздер айтып ақпарат құралдары арқылы сіз бен бізді сендіре түсуі.

Бұдан бөлек, Перес әлем біріншілігінен кейін атағы жер жарып тұрған шеберлерді «сатып» алатын әдеті тағы бар. Құрамы «қартайып» бара жатқан мадридтік командаға бірден нәтиже беретін футболшылар қажет.

Одан басқа, жарнамадан түсетін қыруар қаржыны есептеңіз. Осы арқылы да трансферге жұмсалатын соманың тең жартысын ақтап алуға болады. Әлемдік спорт сарапшылары бұл сценарийдің іске асуы үшін еш кедергі жоғын айтады.

Егер Неймар Испанияға бағыт алса, футбол әлемі тағы бір тығырыққа тірелері анық. Себебі, онсыз да бағасы күн санап артып жатқан ойыншылардың ендігі құны тіптен шарықтап кетпек.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Неймар «Барселонадан» «Пари Сен-Жерменге» ауысқан. Нәтижесінде трансферлік нарықта бұрын-соңды болмаған соммамен тіркелген. Бірақ, бұл жерде сауда-саттық тікелей жүрмеген.

Алдымен бразилиялық талантты футболшы каталондық клубтан өз келісім-шартын рекордтық €222 млн сатып алған. Кейін «ПСЖ» қожайыны, араб шейхы Неймарды 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатына елші етіп тағайындап, сол үшін оған 300 млн еуро төлейтін болған.

Бірақ Неймардың француздық клубтағы жалақысы туралы ақпарат та әртүрлі. Қалай болғанда да ол кемінде жылына 30 млн-нан артық алатыны анық.

Шабуылшының париждық клубпен келісімі 5 жылға жасалған.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер