Футзал

Дәурен Тұрсағұлов: Еуропа чемпионаты мен үшін үлкен тәжірибе болды

Дәурен Тұрсағұлов: Еуропа чемпионаты мен үшін үлкен тәжірибе болды
news-banner7
mobile-news-top

Өткен маусымды «Жетісу» сапында өткізген шабуылшымен Астанада өтіп жатқан Yeleu cup турнирінде sportsffa сайтына сұқбат берді.

– Ел чемпионатында үзіліс болғанымен өзіміздің спорттық бабымызды сақтап тұру үшін осындай турнирлерге қатысып тұрамыз. Yeleu cup – өте жақсы, бәсі жоғары жарыс екен. Кіл мықтылардың барлығы осында жүр. Біржан Оразов екеумізді Астананың «Сайран» командасы шақырған. Мұнда достарымыз бар. Соларға көмектесуге келдік. Әлбетте, бас жүлдеге қол жеткізгіміз келеді, – деп бастады Тұрсағұлов.

– Ел чемпионаты туралы айтсақ. «Жетісуды» чемпион болмаса да, жүлдеге ілігеді деп күткенбіз. Алайда, 4-орынмен тоқталдыңыздар. Не жетпеді?

– Маусымды сәтті бастағанбыз. Негізгі кезеңді «Қайраттан» кейінгі екінші орынмен аяқтадық. Алайда, плей-офф кезеңінде сүріндік. Күш жетпей қалды. Өз мүмкіндіктеріміздің барлығын голға айналдырғанымызда, кемі жүлдеге ілігер едік. Плей-офф кезеңі төрт жеңіске дейін еді. Бірақ алдымен «Ақтөбеге», сосын «Аятқа» есе жібердік. Дегенмен, келесі маусымда сол қателіктерімізді түзейміз деп ойлаймын.

– Демек, келесі маусымда да «Жетісуда» қаласыз ғой?..

– Келісімшартым осы жылдың желтоқсан айына дейін жарамды. Одан кейінгісін әлі білмеймін. Клуб басшылығымен бұл жайында әлі сөйлеспедік. Алда команданың оқу-жаттығу жиындары бар. Сол кезде бұл мәселеге қайта ораламыз.

– Қазақстан чемпионатында алты-ақ команда. Бұл аз емес пе?

– Әрине, аз. Командалардың саны неғұрлым көп болған сайын бәсекелестік те соғұрлым жоғары болып, әр матч тартысты өтер еді деп ойлаймын. Соның арқасында ұлттық құрамамыз да күшейетіні сөзсіз. Жалпы, көп нәрсе облыс басшыларына байланысты. Қазақстанның қай қаласы болса да футзалдан ел чемпионатына бір команда қосуға шама жетеді деп ойлаймын. Тек ниет керек. Мәселен, Ақтау, Астана, Қарағанды сынды қалаларда әуесқой футзал жақсы жолға қойылған ғой. Сол ойыншылардың басын қосып, кәсіпқой клубтар жасақтауға болар еді.

– Биыл бірінші рет Еуропа чемпионатына қатыстыңыз. Словениядан қандай әсермен оралдыңыз?

– Мүлдем бөлек атмосфера, мүлдем бөлек деңгей. Өте жылдам ойындар және керемет драйв. Азуы алты қарыс Испаниямен тең түстік. Тіпті, жеңетін де мүмкіндігіміз болды. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды.

– Ал жалпы футзалмен қанша жасыңнан бастап айналысып келесің?

– Өзім Аягөздің тумасымын. Кішкентайымда футбол ойнайтынмын. Кейін мектеп бітіріп, Алматыдағы Энергиялық колледжге түстім. Ол жерде футзалға жақсы көңіл бөлінеді екен. Алдымен қала біріншілігіне қатыстым. Кейін «Қайрат» футзал клубының жастар командасында ойнадым. Ол жақтан «Ұшқын» сапына ауысып, Астанада бір жылдай доп тептім. Сосын «Жетісумен» келісімшартқа отырдым. Содан бері негізінен Талдықорғандамын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер