Бокс

Головкин неге Деревянченконы емес Мартиросянды таңдады?

Головкин неге Деревянченконы емес Мартиросянды таңдады?
news-banner7
mobile-news-top

Орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварес арасындағы (49-1-2, 34 КО) 5 мамырға жоспарланған айқас өтпейтін болған соң дәл сол күні Головкин америкалық Ванес Мартиросянмен (36-3-1, 21 КО) кездесу өткізуге уағдаласты. Baq.kz сайты осыған орай сараптама ұсынған.

Неге Сергей Деревянченко емес?

Биылғы көктемнің ең маңызды жекпе-жегі мексикалық Сауль Альварес пен отандасымыз Геннадий Головкин арасында өту керек болатын. Бірақ мексикалық боксшы кленбутеролмен ұсталып, Невада атлетикалық комиссиясы оны тыйым салынған дәрі қолданды деп, жарты жылға бокстан шеттетті. Бесінші мамырдағы Головкин-Альварес кездесуі кейінге шегірлеген соң Головкин жанкүйерлеріне уәде еткендей дәл сол күні жекпе-жек өткізуге ниетті болды. Сөйтіп, Геннадий 5 мамыр күнгі айқасқа өзіне қарсылас іздей бастады. Отандасымызға қарсы шығуға Деметриус Андраде, Джермалл Чарло, Сергей Деревянченко мен Гарри О’Салливан сынды боксшылар дайын екендіктерін жеткізгенімен, оларға ұсынған сыйақы өте аз мөлшерде болғандықтан және тағы басқа себептермен бірқатары айқастан бас тартты.

Ал Геннадий Головкиннің IBF белбеуіне негізгі үміткер боксшы Сергей Деревянченконың командасы Головкиннің промоутеріне бірнеше рет жекпе-жек өткізуге ұсыныспен шыққанымен, оны Том Леффлер қайтарып тастады. Себебі, дәл қазіргі жағдайда Головкин үшін Деревянченко қаржылық жағынан, көрермен тарту мен билет сату жағынан және тағы басқа талаптар бойынша өте тиімсіз қарсылас. Бүгінде бірқатар отандық және шетелдік басылымдарда Головкин украиналық боксшыдан жеңіліп қалудан сақтанып жатыр деп жазып жатыр.

Жалпы, Головкиннің командасы тарапынан Деревянченкодан қауіптеніп жатқаны жасырын емес. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Өйткені, ол әр жекпе-жек сайын тәжірибесін толықтырып, чемпиондық белбеуге шығуға дайын екенін дәлелдеп бағуда. Мұндай жағдайда ол Головкинді жеңіп кетуі де, жеңіліп қалуы да мүмкін. Бұл – бокс. Бокста бар мәселені тек бір ғана соққы шешіп кететін жағдайлар көп кездеседі. Сол үшін Головкиннің командасы үлкен тәуекелге барудан бас тартты.

Өздеріңіз білетіндей, кәсіпқой бокс спортқа қарағанда, көбірек бизнеске ұқсап бара жатыр. Бүгінде кімде қаржы көп болса соның сөзі өтімді және билік те сол боксшы жақта болады. Қазіргі жағдайда басқа боксшыларға қарағанда Головкиннің қаржы және абырой жағынан сөзі өтімді. Ал Деревянченкода күш пен тәжірибе болғанымен, атағы да, қаржысы да жоқ. Промоутер Том Леффлер де Деревянченкомен жекпе-жектің әзірге болмайтынын, мұндай жұдырықтасуды аз уақытта ұйымдастыру мүмкін еместігін айтады. Логикаға саяды. Деревянченко қаражат жағынан тиімсіз. Онымен өткізген жекпе-жектен көп ақша таба алмайсың және жеңіліп қалу мүмкіндігі де жоғары. Ал Геннадийға «Кенеломен» реванш алдында тәуекелге барудың қажеті жоқ.

Неге Мартиросян?

Негізі Головкин әу баста Альвареспен жекпе-жек өткізетін болып келіскен соң бүкіл дайындығымен жоспарын соған қарай құрған болатын. Ал қысқа мерзім ішінде Головкинге қайтадан жоспар құру тиімсіз еді. Сондықтан ол жұдырықтасу стилі мексикалық боксшыға сай келетін қарсылас іздеді. Іздегенге сұраған дегендей, Головкинге Мартиросян да табыла қалды және оның шартына да көнді. Сондай-ақ, Головкин үшін үміткерлердің ішіндегі ең қауіпсізі Мартиросян болды. Ванес 2016 жылы Эрисланди Ларадан жеңілгеннен кейін екі жылдай жекпе-жекке шықпаған және орта салмақта ешқашан жұдырықтасып көрмеген.

Қалай қарасақ та, 5 мамырда жоспарланған үлкен жекпе-жектің орнына Том Леффлер Головкинге кездесу ұйымдастырып берді. Дегенмен Головкин бәрін шегеріп қойып, алдағы Альварес, Сондерс немесе Деревянченкомен үлкен жекпе-жек дайындауы керек еді. Жалпы 5 мамырда бізді алдамшы айқас күтіп тұр. Себебі екі боксшы да жақсы ақша табады және екеуі де тәуекелге бармайды. Былайша айтқанда, балықсыз жерде Мартиросян да шортан бола алады.

Неге CINCO DE MAYO?

Жанкүйерлер арасында «Головкин неге дәл бұл датада жекпе-жек өткізбекші?» деген заңды сауал туындайтыны анық. Бұл сұрақтың жауабы мынадай: 1862 жылы 5 мамырда Пуэбло түбінде Мексиканың 4000 әскері 6500 адамы бар француз әскеріне қарсы тұрып, жеңіске жеткен болатын. Головкинге де осы күні жекпе-жек өткізу үшін мексикалық боксшы керек болды. Дегенмен жанкүйерлердің де, ұйымдардың да көңілінен шығатын мексикалық боксшы табылмаған соң, бұл жолы мексикалықтың рөлінде Головкин, ал Ванес Мартиросян күтпеген жерден бас салған француз әскердің рөлінде болмақ. Жанкүйерлердің Головкиннен күтетіні де осы – аяусыз жекпе-жек, афишада жазылғандай «mexicanstyle».

Головкин мен Мартиросян пікірі қандай?

Жекпе-жек туралы ресми мәлімдеме жасалған соң шетелдік БАҚ беттерінде жекпе-жекті ұйымдастырушы тараптардың пікірлері жариялана бастады.

Ең алғаш Геннадий Головкин өз пікірін айтып, жанкүйерлеріне кезекті биг-драма-шоу ұсынатынын айтты. «Мартиросянға қарсы өтетін жекпе-жек – карьерамдағы ең маңызды айқас. Мен оны құрметтеймін және белбеулерімді қорғау үшін тынымсыз еңбек етіп жатырмын. АҚШ-тың Карсон қаласындағы StubHub Center аренасында кездесу өткізетініме және НВО телеарнасымен қайта қауышатыныма өте қуаныштымын. Жанкүйерлеріме нағыз биг-драма-шоу сыйлаймын деген ниеттемін», дейді Головкин.

Ал Ванес Мартиросянның айтуынша, ол соңғы жылдары бокстың шоу-бизнеске айналып, түрлі келіспеушіліктердің салдарынан жекпе-жектен тыс қалып жатқанын айтады. «Мен үнемі жаттығу залында жаттығып, өз мүмкіндігімді күтіп жүрдім. Міне, өзімнің мықты екенімді дәлелдеу үшін маған осындай тамаша мүмкіндік берілді. Сондықтан бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін барлық күш-жігерімді ортаға салатын боламын. Мәселе қаржыда да емес, жанкүйерлеріме өзімнің қандай боксшы екенімді дәлелдеуімде және менің бокс тарихым қалай қалыптасатынында болып тұр. Мен ешқашан берілмеймін және өз мүмкіндігімді 100 пайыз пайдалануға тырысамын. Бұл айқаста мен жеңемін. 5 мамыр күні бүкіл әлем жанкүйерлерін таңғалдырамын», дейді Мартиросян.

Бокс сарапшылары не деп жатыр?

Виктор Демьяненко, Қазақстан кәсіпқой федерациясының вице-президенті:

«Бұл Головкиннің карьерасындағы орта деңгейлі боксшының бірі. Дегенмен, Головкиннің ұсынысына кім келісті, ол соны таңдады. Геннадий – орта салмақтың чемпионы және ол кіммен жұдырықтасатынын өзі шешеді. Әрине, Деревянченко Мартиросянға қарағанда лайықты қарсылас. Бірақ Геннадий тәуекелге барған жоқ.

Ал жекпе-жекті 5 мамырда өткізуін дұрыс шешім деп қабылдаймын. Өйткені оған іс жүзінде тәжірибе керек. Головкин былтырғы қыркүйектен бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Сондықтан ол алдағы күзге дейін рингке бір рет болсын шығып, шаршы алаңға бойын үйрету керек.

Григорий Стангри, FightSpace жобасының негізін қалаушы, бокс сарапшысы:

Мартиросянның екі жылдық үзілістен кейін 5 мамырға дейін қандай формада болатынын айту қиын. Бірақ ол бұл айқаста барын салатыны анық. Десе де бұл оның жеңіске жетуіне жеткіліксіз. Бірақ жекпе-жек тартысты өтетініне сенімдімін.

Джек МакКаферри, америкалық бокс комментаторы:

GGG өте дұрыс шешім қабылдады. Ол барлық мүмкіндігін іске салып, өзіне лайықты қарсылас тапты деп ойлаймын. Жалпы, «Канелоның» допинг-дауына іліккені Головкинің бүкіл жоспарын жоққа шығарды. Сондықтан оның қазіргі таңда кез келген қарсыласты таңдауына құқығы бар.

Сихат Гемичи, Түркиялық BoxingScene.com және FightClub.com.tr сайтының шолушысы:

Мартиросян Головкиннің карьерасындағы ең нашар қарсыластың бірі. Сондықтан бұл жекпе-жекте Головкиннің жеңісіне күмәнім жоқ. Тіпті нокаутпен жеңетініне де. Бірақ Геннадийдің карьерасындағы ең әлсіз қарсылас бәрібір Доминик Уэйд болып қала береді.

Маурисио Сулейман, WBC президенті:

Мартиросян – өте тәжірибелі боксшы. Ол бұған дейін де бірнеше мықты боксшылармен жұдырықтасқан. Ол біздің белдіктің «күміс» жүлдегері. Біз Мартиросянға ұсынған соңғы бес қарсыласы онымен жұдырықтасудан бас тарты. Сөйтіп ол екі жыл шаршы алаңға шыға алмай жүрді. Міне, енді оған орта салмақта әлем чемпионы атану үшін тамаша мүмкіндік беріліп тұр. Ол Головкинді жеңіп кетуі де мүмкін.

Майкл Монтеро, Boxing Monthly журналисі:

Біріншіден, Мартиросян укрианалық боксшыға қарағанда танымал. Әсіресе Лос-Анджелесте. Екіншіден, Головкин өз карьерасында ешқашан және ешқандай боксшының соққысынан басын алып қашқан емес. Үшіншіден маған GGG – Мартиросян жекпе-жегі ұнайды. Сондықтан әлеуметтік желідегі қарсы пікірлерден бұл екеуін ақтап алғым келеді.

Жанкүйерлер қандай пікірде?

«Синко де Ванес». Күлкілі».

«Бұл бір жақты жекпе-жек. Кездесу алты раундтан әрі қарай созылмайды».

«Мен GGG-дің жанкүйері болсам да IBF шешімін қолдаймын. Мұндай әлсіз қарсылас таңдағаны үшін Головкиннен IBF белдігін алып қою керек».

«Жанкүйерлер мұнан да тартысты жекпе-жек көруге лайықты еді. Енді мен бүгіннен бастап сенің жанкүйерің емеспін, Головкин!»

«154 фунт (69,9 кг) салмақтағы және соңғы алты жекпе-жегінің үшеуінде жеңілген боксшымен жұдырықтаспақ па? Жігіттер, бұл тікелей эфирде көрсетілетін спарринг-жаттығу»

«Жігіттер, бұл жекпе-жектің өткенін қаламайсыңдар ма? Онда айқасты көрмей-ақ қойыңдар.

«Мартиросян – «Канелоның» орнына Головкин құрбан болды!»

«Ванес екі жылдан бері жұдырықтасқан жоқ және бір салмақ жоғары көтеріліп, Головкинге қарсы жұдырықтасуға шықпақ. Не айтамын, сәттілік жігіттер».

Головкин-Мартиросян арасындағы жекпе-жек 5 мамыр (Астана уақытымен 6 мамыр) күні АҚШ-тың Калифорния штатындағы Карсон қаласында орналасқан StubHub Center аренасында өтеді. Қазірше Головкин бұл кездесуге Головкин IBF белбеуінен басқа барлық белдігін ортаға салып отыр.

Айта кетейік, отандасымыз бұған дейін Калифорния штатында үш рет жекпе-жек өткізген. Ең алғаш 2014 жылы мексикалық Марко Антонио Рубио, 2015 жылы америкалық кіші Вилли Монро және 2016 жылы Доминик Уэйдпен жұдырықтасқан.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер