Бокс

Алаяқ Альварес немесе Головкин қалайша тағы да сан соғып қалды?

Алаяқ Альварес немесе Головкин қалайша тағы да сан соғып қалды?
news-banner7
mobile-news-top

Ағзасынан допинг табылған Сауль «Канело» Альварес ақыры жазасын алды. Бірақ, небәрі жарты жылға. Сонда бұл дисквалификациядан кім ұтты?

Кеше Невада штатының Атлетикалық комиссиясы (NSAC) Канелоға байланысты мәселені қарастырып, боксшыны 6 айға шаршы алаңнан шеттету туралы шешім қабылдады. Бірақ, тыңдау процессіне Сауль Альварес те, оның промоутерлері Оскар Де Ла Хойя мен Эрик Гомес те қатысқан жоқ. Бар мәселені Golden Boy адвокаты шешті. Ол өз клиентінің допинг тұтынбағанын, ал кленбутеролдың ағзаға ет арқылы түсіп кеткенін дәлелдеп шықты. Осылайша Канело сүттен ақ, судан таза болып шықпаса да, жарты жылға ғана жазаланды. Бұл боксшыларға қарсы қолданылатын ең минималды жаза. Шешім 17 ақпаннан бастап күшіне енгізілді. Яғни, осы жылдың тамызында-ақ мексикалық «сары бала» шаршы алаңға қайта орала алады.

Жалпы, Golden Boy мен Невада штаты Атлетикалық комиссиясының бұл мәселені сотқа жеткізбей-ақ тындырып қойғаны әу бастан белгілі еді. Ал Головкин мен Альварес арасындағы айқастың кейінге қалдырылуы Golden Boy-ға болмаса, жерлесімізге тиімді емес. Қанша дегенмен жасы да біразға жетті. Бұрынғыдай екі-үш айда бабына келу қазір қиын. Ал мамыр айындағы жекпе-жекке Triple G өзінің соңғы кездесуіне дайындалғандай барын салған. Ақшасы кетті, жүйкесі жұқарты. Ең бастысы, уақытын жоғалтып, жоспарына өзгеріс енгізуге мәжбүр болды. Әйтпесе, Геннадий Головкиннің командасы 5 мамырда Канелоның шаруасын тындырып тастап, келесі кездесуінде Билли Джо Сондерстегі WBO белбеуіне кіріспек болғаны рас. Енді оған жоспарынан тағы бір жыл кейін шегінуге тура келеді. Яғни, Альвареспен қыркүйекте айқасса, британдықпен тек 2019 жылы ғана кездесе алады. Онда да күзде Канелоны ұта алатынына ешкім де кепіл бола алмайды.

Ал Канело әлі жас. Жарты жыл емес, екі жыл шаршы алаңға жақындамай қойса да, бабын жоғалтпайды. Керісінше, шеберлігі толыса түседі. Жарты жылға шеттетілді деген сөз, Головкинмен болар текетірестің алдында сонша уақыт ұтты дегені. Golden Boy-дың қаншалықты мөлшерде айыппұл төлегенін білмейміз, алайда Оскар Де Ла Хойя бұл допингтік даудан да пайда таба білді.

Бұл жерде Головкиннің жеңілгені рас. Жерлесіміз тым болмаса, соншалықты уақытын кетіргені үшін және ақшасын шығындағаны үшін Канелодан үлкен мөлшерде өтемақы талап етуі тиіс еді.

Түпнұсқасы: diamondring.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер