Футбол деген бір ғажап!

Франциядан жеңілген жастарымызды кінәлаудың қажеті жоқ

Франциядан жеңілген жастарымызды кінәлаудың қажеті жоқ
news-banner7
mobile-news-top

Астанада Франция жастарын қабылдаған Қазақстан жастар құрамасы қарсыластарына есе жіберіп алды. 90 минуттық матчтың 9 минуты біздің құраманың әлсіз тұсын ашып берді.

«Астана Арена» таблосында тіркелген 0:3 есебі еш кездейсоқ нәтиже емес. Қос құраманың қазіргі деңгейі осындай есептің тіркелерінен ертерек дерек бергендей еді. Себебі, көп санды ойыншылары Гермения мен Франция чемпионаттарында өнер көрсететін Франция құрамасының бәсі бізден бір бас жоғары екені сөзсіз. Бүгінгі кездесуде Франциядан келген жігіттердің жергілікті футболшылардан физикалық жағынан да, техникалық тұрғыдан да мықты екені көзге ұрып тұрды.

相关图片

Ал Қазақстан жастар құрамасы өз бабында емес. Қазақ даласында футбол тойының басталғаны кеше ғана. Премьер лигамыздың екі туры ғана өтті. Ал Бірінші, Екінші лига әлі басталған да жоқ. Оның өзінде Талғат Байсуфинов құрамаға шақырған жастарымыздың көбі жаңа маусымдағы алғашқы ойынын өткізіп үлгірген жоқ. Бұны бір деп қойыңыз.

Ал екінші жағынан, былтыр құраманы өрге сүйреген Дидар Жалмұқан, Юрий Перцух, Бахтиер Зайнутдинов сынды маңызды ойыншылар биыл қатарда жоқ. Кейінгі екеуі Станимир Стоилов бастаған Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге Венгрияда жүр. Ал Дидар жаңа маусым басталғалы қайда жүргені белгісіз. «Астанадан» кетті, «Тобылдың» тізімінде жоқ. Жалмұқанды сатып алды деген «Ордабасы» сапынан да көрінбейді. Қазақтың тағы бір талантты футболшысы өзіне команда таппай жүрген секілді.

Қысқасы, Қазақстан құрамасының дайындығы да, құрамындағы футболшылары да кезекті ойынға сақадай-сай емес еді. Осындай олқы тұстарымыз болса да, елордадағы ойынды асыға күтіп, үміттене тамашаладық. Тым құрығанда тәуір өнер көрсетер деп күттік.

undefined

Құрама тізгінін қолға алғанына көп болмаған Талғат Байсуфинов бүгін қарымды қарсыласқа қарсы қорғанысқа көңіл бөле ойнауды жөн деп тауыпты. Орталық қорғаныста Әбілғазы, Мәжитов, Әбікен үштігі өнер көрсетті. Ал оларға қос қапталдан Соколенко мен Қалмұратов қолғабыс жасауы керек болатын. Орталық алаңда Сләмбеков сәл қорғанысқа көңіл бөле ойнаса, Вороговский мен Фединға жалғыз шабуылшы Сәрсеновтың жігерін жану міндеті тапсырылды.


Азулы қарсыласқа қарсы аздап шегіне ойнаған да жөн ғой. Бірақ, бүгін алаңға шығатын ойыншылар сәтті таңдалмаған секілді. Алдымен бас шабуылшы Самат Сәрсеновтың жайы. Алматылық «Қайраттың» жастар командасында доп тебетін шабуылшы бүгін орнынан оң жамбасымен тұрмаған секілді. Гол соғу былай тұрсын, қарсылас қақпасына қауып төндіріп, қорғаушыларының назарын өзіне аудара да алған жоқ. Бірінші таймда сол қапталдан көлбеулеп келген керемет пасқа үлгіре алмай үмітті үзді.

undefined

Талғат Маруаұлының үмітін ақтамаған екінші ойыншы - Айбол Әбікен. Алматылық команданың тағы бір түлегі. Айболдың негізі орталық алаңда тіреуші жартылай қорғаушының қызметін атқаратын кездері көп. Бүгін алаңда қорғаныстың ең маңызды тұсына жауап беруіне тура келді. Допқа таласта бірнеше мәрте сәтті ойнағанына қарамастан, Айбол өзін сауатты орталық қорғаушы ретінде көрсете алмады.

Алғашқы голдың соғылуына себеп болған стандартты жағдайды «қайраттық» қорғаушы жасаған болатын. Ал екінші гол соғылған сәтте Айбол шабуылға шығып, қарсыластың айып алаңына жақын жерден доптан айырлыды да, қорғанысқа қайтып келе алмады. Онымен бірге шабуылды қолдауға аттанған Қуаныш Қалмұратов та кейін қалып қойды. Ал Айболдан допты тартып алып, біздің жарты алаңға дейін сұғынып кірген Дьяхаби отандасы Огюстенге оңтайлы пас берді. Осы кезде сол қапталдағы қорғаушы Қалмұратов пен сол жақта ойнаған орталық қорғаушы Әбікеннің позициясы ашық қалды. Шабуылға шығып келе жатқан Дьяхабиге қарайлай шегініп келе жатқан Сләмбековтың артқы жағында ашық қалған тұсты ешкім жауып үлгірмеді.

Үшінші голдың соғылу барсы да осыған ұқсайды. Алдыңғы шепте шабуылшыларымыз доптан айырылған соң, жылдам қарымта шабуылға шыққан француздар тағы да біздің сол қапталдан саңылау тапты. Бұл жолы екінші голда орнын жоғалтқан қорғаушыларымыз жұмыла таласса да Жонатан Бамбаның жолын бөгей алмады. Бір қызығы, осы екі гол соғылған сәтте де орталық қорғаушы қызметіндегі Әбілғазы мен Мәжитов қорғанысқа мүлде көмектесе алмады. Олар екі сәтте де не үшін екені белгісіз қорғаныстың сол қапталына көмекке келуге асыққан жоқ.

undefined

Қазақстан Премьер лигасының алғашқы екі турында да «Қайраттың» сол жақ қапталдағы қорғаныс шебінде жасындай жарқылдаған Ян Вороговский бүгін өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Мүмкін, оны да өзі үйренген сол қаптал қорғаушысы қызметіне қою керек пе еді?! Бірақ, бас бапкер ойыншылардың жағдайын бізден он есе артық біледі. Кімді қайда ойнату керек екенін әбден саралағаны сөзсіз. Десе де, бүгін аты аталған бірнеше ойыншы Талғат мырзаны жерге қаратты.

Осы жеңілісінен кейін Қазақстан жастар құрамасы алты ойыннан алты ұпай жинап, топта үшінші орында тұр. Ал Франция жастары алты матчтың барлығын жеңіп, 18 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Біздің алдымызда Словения құрамасы орналасқан. Олардың еншісінде он ұпай.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі кездесу 21 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында өтті.

Фото: Павел ЛАПТЕВ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер