Станимир Стоилов: Қазақстан құрамасын жаңа деңгейге көтерсем деймін

Станимир Стоилов: Қазақстан құрамасын жаңа деңгейге көтерсем деймін
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін «Астана-Арена» стадионының баспасөз орталығында футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стоиловтың қатысуымен, Венгрия және Болгария құрамаларымен өтетін жолдастық кездесулер алдында баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз жиынына қатысқан Станимир Стоилов алдағы жолдастық кездесулер жайлы пікірімен бөлісті.

- Біз жаңа сынақты бастағалы отырмыз. Қазақстан ұлттық құрамасын жаңа деңгейге көтеру үшін барымды салатын боламын. Алда бізді өте жоғары деңгейдегі командаларға қарсы ойын күтіп тұр. Бірақ, біз бұл кездесулерге дайын боламыз.

Мен Қазақстан Премьер лигасының барлық матчтарын өте мұқият қарап шықтым. Шынын айтқанда, біздің чемпионаттың деңгейі өте төмен. Футболшылардың көпшілігі неге чемпионатқа дайын болмағанына таңғалып отырмын. Менше, жаңа маусымға тыңғылықты дайындалу үшін уақыт жеткілікті болды.

Әр команданың өз мәселесі бар екенін түсінемін. Бірақ, мен чемпионаттың деңгейі өскенін қалар едім. Мен үшін барлық клубтардың жақсы жоғары деңгейде болғаны және еуропалық жарыстарға қатысқаны керек.

Біздің басты мақсатымыз - Ұлттар Лигасы. Бұл турнирге барынша жақсы дайындалуымыз қажет. Біз өз тобымызда фаворит емеспіз. Сонда да жеңіс үшін күресетін боламыз. Бір ойындағы жақсы нәтиже немесе бір ойындағы жеңіске қанағаттанбай, алдымызға өте биік мақсат қоюымыз қажет. Басқа командалар бізден әлдеқайда күшті деп ойламаймын. Барлығы өзімізге байланысты. Біз жақсы дайындалып, өз өнерімізді көрсете алсақ, жақсы нәтижеге жете аламыз.

- Құрамаға шақыртылған қақпашылардың жас мөлшері үлкендеу. Бізде басқа жасы кішірек қақпашылар жоқ па?

- Мен құрамаға ойыншы таңдағанда жасына қарамаймын. Мүмкін ол 16 не 40 жаста болуы мүмкін. Тек ойынға дайын болса болды, командаға шақыртылады.

- Жолдастық кездесу өткізуге неге Венгрия мен Болгария құрамаларын таңдадыңыздар?

- Еуропалық күшті командаларға қарсы деңгейімізді сынап көрген жөн. Менің ойымша, бұл кездесулер біз үшін пайдалы болады. Айта кетерлігі, бұл қарсыластарды таңдамадық. Кіммен келісе аламыз, солармен ойнауымызға тура келеді.

- Негізгі құрамда өнер көрсететін футболшыларды саралауыңызға қанша уақыт кетеді деп ойлайсыз?

- Дәл қазір нақты айту қиын. Ойыншылардың деңгейі өзгеріп тұрады. Кейде жарақат алатындар болады. Маған да, ойыншыларға да уақыт керек.

- Кім команданың капитаны болады?

- Шешімді кейінірек қабылдайтын боламын. Дәл қазір командамда кімдердің негізгі құрамда ойнайтынын да білмеймін.

- Исламхан қазіргі уақытта ұлттық құрамаға көмектесуге дайын деп есептейсіз бе?

- Бауыржан өте жоғары деңгейдегі ойыншы. Дегенмен, әлі де жетілдіре түсетін жақтары бар. Мен де, менің бапкерлер штабым да оған көмектесетін боламыз. Исламханның мықты футболшы екеніне күмәнім жоқ.

- Ұлттық құрамадағы бас шабуылшы мәселесін қалай шешкелі отырсыз?

- Қазақстан үшін осы позицияда қиындықтар бар екенін білемін. Құрамадағы барлық футболшыларды сынап көруіме уақыт керек.

- Сіз бұрын ұлттық құрамаларды баптауды қаламайтыныңызды айтқан едіңіз. Жаңа қызметіңіз жайлы не айтасыз?

- Күнделікті көз алдымда болатын ойыншылармен жұмыс істеуді қалайтынымды жасырмаймын. Бірақ, жаңа жұмыс ырғағым туралы алаңдаудың қажеті жоқ. Мен бұл қызметке Қазақстан ұлттық құрамасын жаңа деңгейге көтеру үшін келдім. Осы жұмыста да табысқа жетемін деп үміттенемін.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы 23 наурыз күні Будапешт қаласында Венгрия құрамасымен, 26 наурыз күні фельчут (Венгрия) қаласында Болгария футболшыларымен жолдастық кездесу өткізеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер