Бокс

Елеусінов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін сәуірде өткізеді

Елеусінов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін сәуірде өткізеді
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстандық боксшы, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов танымал британдық промоутер Эдди Хирнмен келісімшартқа қол қойып, командасына қосылды.

Әуесқой бокста талай жетістікке қол жеткізген Данияр кәсіпқой боксқа қадам басты. Спортшының кәсіпқой боксқа ауысатыны өткен жылы айтылған. Келісімшартқа қол қойғаны да хабарланған. Кейіннен боксшы әуесқой бокста қалатынын айтып, ұлттық құрамаға оралған-ды. Жақында қайта белгілі болғандай, қазақстандық боксшы кәсіпқой бокс жолын біржола таңдаған.

Бүгін боксшы "Matchroom Boxing" промоутерлік компаниясымен келісімге келді. Эдди Хирн басқаратын компания құрамында аса ауыр салмақта WBA Super, IBF және IBO чемпиондық атақтарына ие Энтони Джошуа бар.

Сондай-ақ британдық промоутер Райан Барнетт (18-0, 9 КО) (WBA Super және IBF), Джейми Макдоннелл (29-2-1, 13 КО) (WBA), Халид Яфай (23-0, 14 КО) (WBA Super), Келл Брук (37-2, 26 КО), Дэниэл Джейкобс (33-2, 29 КО) сынды боксшылармен жұмыс жасайды.

Данияр Елеусіновтің алғашқы кездесуі қашан өтетіні де белгілі болды. 28 сәуір күні Дэниэл Джейкобс жекпе-жегінің андеркартында шаршы алаңға шығады. Одан кейінгі кездесуі 2 маусымға жоспарланып отыр екен. Эдди Хирн Даниярдың болашағынан зор үміт күтеді.

- Данияр мені Олимпиадада техникасымен таңдандырды. Ол кәсіпқой бокста 7 жекпе-жектен кейін өз биігіне көтеріледі деп ойлаймын. Мен Даниярды Головкиндей болады деп айта алмаймын. Әйтсе де оның Головкин бағындырған белесті бағындыруға қауқары жетеді. Біз оған лақап ат (ник нейм) ойластыратын боламыз. Ол өзін танытатын болады. Данияр Нью-Йорк пен Лондонда жаттығады. Әлемнің түкпір-түкпірінде жекпе-жек өткізеді, - деді промоутер.

Қазақстандық боксшы мен британдық промоутерлік компания үшжылдық келісімшартқа қол қойған.

massaget.kz

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер