русский язык

Ұлттық құрама тізгінін кімге ұстатамыз?

Ұлттық құрама тізгінін кімге ұстатамыз?

Футболдан 2014 жылы өтетін Әлем біріншілігіне іріктеу барысында қазақстандық футбол жанкүйерлерінің арасында Ұлттық құраманың бапкері ауысады деген әңгімелер көп айтылды. «Жел тұрмасы, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, расында Беранек орнынан кететін болса, Қазақстан құрамасының тізгінің кім ұстауы мүмкін деген сауал шыға келетіні сөзсіз.

Бұл сұрақ қарапайым футбол жанкүйерінен бастап мамандарды да мазалайтыны анық. Осы орайда біз, Ұлттық құраманың тізгінін кім ұстауы мүмкін деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Беранек орнынан кетсе, әрине бұл орынға «Шахтер» командасының бас бапкері Виктор Кумыков мырза үміткерлердің көшін бастайды. Бұл маман кеншілерді екі мәрте Қазақстан чемпионы деген атаққа жеткізді. Сондай-ақ бұрын-соңды қазақ футболында болмаған оқиғаға себепкер болды - «Шахтерді» Еуропа Лигасының топтық кезеңіне алып шықты. Егер де сырт алаңда «Селтиктен» сағымыз сынбағанда тіпті Чемпиондар Лигасында ойнауымыз мүмкін еді. Ол сәтсіздікті есептемесек те қарағандылық команда елімізді кәрі құрлыққа бір танытып алды. Сондықтанда Беранектің жуық арадағы мұрагері Виктор Бальютович болып қалуы мүмкін. Оның үстіне бұл маман Қазақстан құрамасының Ирландиямен өтетін кездесуіне арнайы ат басын бұратынын да айтып, жанкүйерлерді тағы үміттендіріп қойғаны анық.

Бұл ретте оның басты қарсыласы Владимир Вайсс болуы мүмкін. Дегенмен, «Қайрат» командасының бас бапкері бұл қызметке келу үшін өзінің қоятын шарттары да жоқ емес сияқты. Мәселен, құраманы жаттықтыру үшін бүгінде алматылық команданың басшысы Қайрат Боранбаев Қазақстан футбол Федерациясының тізгінін ұстауы керек-мыс. Мұндай жағдай орын алып та қалуы мүмкін. Естеріңізде болса, ҚФФ-ның бүгінгі таңдағы басшысы Саян Хамитжанов футболдан біршама алыстап, дем алғым келеді деген болатын. Сондықтан да, біздің болжамымыз дұрыс болып жатса, осы Әлем біріншілігіне іріктеу сындарынан кейін Владимир Вайссты Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде көріп те қалармыз.

Бұл орыннан Талғат Байсуфиновты да көруіміз ғажап емес. Өзіміздің мамандарға да мүмкіндік беру керек емес пе?! Бердыевті келмейді деп шешті, Яровенкоға басшылар сенбейді, Гороховодацкийдің қауқары жоқ, Талғаеевты тіпті ұмытып кеттік, Огай мен Масудов та бұл орынға лайықты емес. Сондықтан да «Ертістің» бапкеріне ҚФФ-ның басшылары мүмкіндік беруі мүмкін. Бұл маманның бастауымен павлодарлық команда Еуропа Лигасының екінші кезеңіне шықты. Мейлі, «Ертістің» ойыны нашар деп бағаласақ та, бұл команда Премьер-лиганың үшінші сатысында келе жатқанын да ескергеніміз жөн.

Ал, шымкенттік жанкүйерлер Ұлттық құраманың тізгінін Виктор Пасулькодан басқа ешкімге ұстатар түрі жоқ. Дегенмен, бұл маманның құрама жетегін ұстайды дегенге сену қиынырақ.

Қайтсек те, Ұлттық құрамамыздың тізгінін ұстайтын бапкерді анықтауымызға аз ғана уақыт қалды. Өйткені, біздің құрама Бразилия жерінде өтетін біріншілікке іріктеу сындарында небәрі екі ғана кездесу қалды. Алдымен, Беранек бастаған құрамамыз Фарер жерінде ергілікті командамен кездессе, кейін Ирландия құрамасын өз алаңымызда қабылдаймыз. Дәл осы екі ойыннан кейін Беранектің мұрагері туралы мәселе де шешілмек.
 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;