Басқа

Қысқы Универсиададан алғашқы жеңімпаздар белгілі болды

news-banner7
mobile-news-top

Бүгін Павлодар қаласында өтіп жатқан ұлттық қысқы Универсиададан алғашқы жүлдегерлер анықталды! -деп хабарлайды prosports.kz сайтының тілшісі.

Аталмыш додаға бағын сынауға келген 2 мыңға жуық студенттер арасында алғашқы жеңімпаздар анықталды. Кереку жерінде жалауын желбіреткен ең тартысты бәсекесі – президенттік көпсайыста 101 қатысушы бақ сынады.

Жарыстың алғашқы күндерінде президенттік көпсайыста, әйелдер арасында жалпы командалық есеп бойынша бірінші орын Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіне бұйырса, екінші орын Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жеңіп алды, үздік үштіктен Павлодар мемлекеттік университеті көрінді. Ал ерлер арасындағы президенттік көпсайыста Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті алтыннан алқа тақса, күміс жүлдені Қостанай педагогикалық университеті қоржынға басты, қола жүлдені Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті жеңіп алды.

Сонымен қатар, қыздар арасында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Козлова Виктория үздік шықты, ерлерден Қостанай мемлекеттік университетінің студенті Макушенко Вячеславқа тең келер ешкім табылмады.

«Жылдан жылға президенттік көпсайыс қатысушыларының нәтижелері жақсарып келеді. Жарыстың бүл түрі болашақ чемпиондарды даярлауға сүбелі үлес қосатын бәсеке. Мысалға, Павлодар облысының спортшысы Дарья Усанова президенттік көпсайыстан мол тәжірибе жинап, бүгінгі таңда халықаралық биатлон додаларында ел намысын абыроймен қорғап жүр», - деді prosports.kz тілшісіне қысқы президенттік көпсайыстың бас төрешісі Юрий Фролов.

Естеріңізге сала кетейік, наурыздың 12-іне дейін жалғасатын ұлттық қысқы Универсиада ойындарында студенттер спорттың ендігі 7 түрінен: шаңғы жарысы, президенттік көпсайыс, футзал, армрестлинг, гір көтеру, пауэрлифтинг, баскетбол, қазақ күресі және спорттық бағдарлаудан сынға түседі.

Автор: Мәди Мұxамедқали

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер