Талғат Байсуфинов: Әр ойында жеңіске жетуіміз керек

Талғат Байсуфинов: Әр ойында жеңіске жетуіміз керек
news-banner7
mobile-news-top

2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан Қазақстан жастар құрамасы ақпан айында Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізген болатын. 21 жасқа дейінгі құрмамызды наурыз айында Франция және Люксембург футболшыларына қарсы кездесулер күтіп тұр.

Осы маңызды матчтар алында футболдан Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Талғат Байсуфинов мырзаға хабарласып кішігірім сұқбат алған едік.

- Түркия жерінде өткен оқу-жаттығу жиыны жайлы айтып берсеңіз. Жиынға шақыртылған футболшылардың өнері көңіліңізден шықты ма?

- 9-20 ақпан аралығында Түркияда өткен оқу-жаттығу жиынында селекциялық жұмыстар жүргізіп, наурыз айында өтетін халықаралық матчтарға дайындалдық. Жиын барысында екі жолдастық матч өткізіп, екеуінде де жеңіске жеттік. Қарсыластарымыз Украина және Грузия клубтары болды. Команда қатарына бірқатар жаңа ойыншылар шақырылды. Жиынға қатысқан барлық футболшылар өз шеберліктерін көрсетті. Дегенмен, олар әрі қарай еңбек етуі тиіс.

- Дидар Жалмұқан қатарлы бірнеше көшбасшы ойыншының жасы 21-ден асып кетті, олар енді құрамаға көмектесе ала ма?

- Дидар Жалмұқан және жасы 21-ден асқа басқа да ойыншылар 2019 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінің қалған ойындарына қатыса алады. Себебі, UEFA ережесіне сәйкес, турнир басталған сәтте тізімге ілінген футболшылар іріктеу кезеңінің соңына дейін ойнауға құқылы.

- Жастар құрамасының футболшылары Премьер-Лигада көп ойнамайды. Ойын тәжірибесінің аздығы біздің команданың әлсіз тұсы деп есептейсіз бе?

- Әрине, жас футболшыларға Премьер-Лигада ойнайтын тәжірибелі футболшылармен бәсекелесу оңайға түспейді. Алайда, өткен маусымда Дидар Жалмұқан, Максим Федин, Қуаныш Қалмұратов, Юрий Перцух, Бахтиер Зайнутдинов, Ян Вороговский, Александр Соколенко сынды футболшылар негізгі құрамның ойыншысы атану үшін көп тер төкті. Сол себепті барлық футболшыларға өздерін дәлелдеу қажет. Қазақстан жастар құрамасына қабылданған футболшылардың ойын тәжірибесінің маңызды екенін жоққа шығармаймыз.

- Ойын тәжірибесі үшін бұрынғы «лимит» жүйесін қайта енгізуге қалай қарайсыз?

- Бұл жүйе Бірінші Лигада сақталған. Әр командада жасы 21-ге толмаған екі футболшы жасыл алаңға шығуы тиіс. Сонымен қатар, биылдан бастап Екінші Лигада әр командада жасы 18-ден аспаған екі футболшы алаңға шығуы міндетті.

- Жастар құрамасы осы кезекті іріктеу кезеңін сәтті бастады. Жастарымыздан қандай нәтиже күтсек болады, топтан шығуға мүмкіндік бар ма?

- Біздің топта қазіргі уақытта Франция 15 ұпаймен көш бастап келеді. Екінші орында келе жатқан Словения футболшылары бес ойын өткізіп, 10 ұпай жинады. Біздің құрамада бес ойыннан кейін 6 ұпай бар. Төртінші және бесінші орында келе жатқан Болгария мен Люксембургтен алыс тұрмағанымызды ескерген жөн. Ал, бірінші және екінші орында келе жатқан командалармен арада айырмашылық бар. Сол себепті футболшылар бапкерлер қойған талапты мұқият орындап, әр ойында жеңіске жету үшін алаңға шығуға міндетті. Алайда, біздің топтағы қарсыластардың өте мықты екенін айта кеткен жөн. Франция, Словения, Черногория құрамаларымен өтетін ойынның нәтижелері маңызды болмақ.

- Сіз ұлттық құраманы да бір жыл жаттықтырдыңыз. Бас команда мен жастар құрамасын баптаудың өзгешелігі неде деп ойлайсыз?

- Қазақстан жастар құрамасының жұмысы мен үшін жақсы таныс. Өткен жылы Қазақстан футбол федерациясы барлық құрама командалар арасында жақын қарым-қатынас орнатып, әсіресе, жастар құрамасына көп көңіл бөлген еді. Қазақстан жастар құрамасын жасақтау үшін барлық клубтарды аралап, Талғарда қосымша оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырдық. Қазақстан жастар құрамасы мен Қазақстан ұлттық құрамасының арасындағы байланыс тұрақты жүргізілді. Ел намысын қорғайтын құрама командалар институты жалғыз екенін ұмытпаған абзал. Сол себепті әр бапкер үшін өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқару маңызды.

- Бельгияда доп тебетін Олег Чепрасов атты шабуылшыны сынап көрдіңіз, оны алдағы ресми ойындарға шақырасыз ба?

- Олег Чепрасов Қазақстан жастар құрамасына алғаш рет шақырту алды. Алайда, ол жаттықтырушылар құрамының назарында бұдан бұрын да болған. Футболшының әзірге азаматтығы жоқ. Сол себепті алдағы ресми ойындарға қатыспайды.

- Сұқбат беріп, ой бөліскеніңізге рақмет!

Фото: ҚФФ баспасөз қызметі

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер