Бокс

Синко де Майо, Лас-Вегас – Головкин өзіне үкім шығарып алған жоқ па?

news-banner7
mobile-news-top

Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің қарымта айқасы тағы да Лас-Вегаста өтетін болды. Бұл маркетингтік тұрғыда таптырмас жер болғанымен спорттық жағынан алғанда Головкин үшін ең ыңғайсыз вариант еді.

Әу баста Головкин мен Альварес арасындағы қарымта айқасты қабылдаудан үш арена үмітті болған. Олар: Техастың Даллас қаласындағы AT&T стадионы, Неваданың Лас-Вегасындағы «T-Mobile Arena» және Нью-Йорктегі «Мэдиссон Сквер-Гарден». Алайда, сәуір айының соңында хоккей ойынын қабылдайтынына байланысты Даллас бұл таластан бас тартты. Сонымен, үміткер екеу болатын. Таңдау Лас-Вегасқа түсті. Осылайша, Головкин өзіне үкім шығарып алған секілді. Неге екенін түсіндіріп көрейік.

Жалпы, промоутерлердің Лас-Вегасты таңдағаны түсінікті. Мұнда салық өте аз мөлшерде. Мәселен, Нью-Йоркте кеш өткізер болсаң, түскен табыстың 9,8 пайызын салыққа төлеуге мәжбүрсің. Ал Неваданың заңы басқа. Кәсіпкерлер үшін жақсы жағдай жасалған. Табыстың басым бөлігін өзіңде қалдырып, салыққа 8 пайызын төлейсің. Өткен жылы бірінші жекпе-жектің осы жерде өтуі де сондықтан. Флойд Мэйуезер мен Конор МакГрегор да бар табысты өздері басып қалу үшін Лас-Вегасқа барды. Пакьямоен де осы қалада төбелесті. Жалпы, соңғы 10 жылдан астам уақытта Мэйуезер қарсыластарын тек Невадада қабылдап жүрді. Пакьяо да солай. Америка десе болды, билетті Лас-Вегасқа ғана алады. Неліктен? Себебін жоғарыда түсіндірдік. Дегенмен, спорттық тұрғыда Невада Головкин үшін өте тиімсіз жер.

Америкаға алғаш барғанда Гжегож Проксамен Миннесота штатында жұдырықтасқаны болмаса, Головкин Альвареспен айқасқанша өзінің АҚШ-тағы жекпе-жектерінің барлығын тек Калифорния мен Нью-Йоркте өткізіп келді. Бес рет «Мэдиссон Сквер-Гарденнің» шаршы алаңына шығып, жергілікті жанкүйерлерді өзіне баурап алды. Ал Канелоның сүйікті риңгі – Лас-Вегаста. Мексикалық «сары бала» АҚШ-тағы айқастарының басым бөлігін Неваданың төрінде өткізіп жүр. Бір сөзбен айтқанда туған жері Гвадалахарадан кейінгі екінші отаны – Лас-Вегас. Сондықтан, Канело «T-Mobile» аренада өз үйінде жүргендей сезінеді.

Мұны Головкинге қарсы фактордың екіншісі деп қойыңыз. Енді жерлесіміз үшін ең басты кері факторды айтайық. Бүгінде Лас-Вегастың бокс әлемі толығымен Альварестің промоутері Оскар Де Ла Хойяның қолында. Тіпті, төрешілерге дейін «байлап» алған. Төрешілерде тұрған не бар деп ойлауыңыз мүмкін. Өйткені, бокста қарсыласыңды құлатар болсаң, төрешілер де кедергі бола алмайды. Дегенмен, Triple G қазір қарсыласын нокаутпен жеңетін жаста емес. Қанша жақсы көрсек те мойындауымыз керек. Рас, қарқыны сол бұрынғыдай қатты. Бірақ, жас қосылған сайын қайрат та кете береді ғой. Ал Лас-Вегаста Канелоны құлатпасаң, төрешілер жеңісті бере қоймайды. Бұған біз 17 қыркүйекте көз жеткіздік. Алдағы айқаста да Аделаида Берд секілді біреудің табылмасына кім кепіл?

Сонымен, қарымта жекпе-жек мамырдың 5-і күні Лас-Вегаста өтеді. 5 мамыр – мексикалықтардың ұлттық мейрамы «Синко де-Майо», Лас-Вегас – Канелоның екінші отаны. Дәл осы күнге, дәл осы аренаға қол қойған Геннадий Головкин өзіне үкім шығарып алған жоқ па?

Түпнұсқасы: diamondring.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер