Самат Сәрсенов: Елімізде футболдың дамып жатқанын дәлелдегіміз келеді

news-banner7
mobile-news-top

21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының және алматылық «Қайраттың» шабуылшысы Самат Сәрсенов Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұқбатында Түркияда өткен оқу-жаттығу жиынын қорытындылады, деп жазады аталған федерацияның ресми сайты.

Талғат Байсуфинов жаттықтыратын Қазақстан жастар құрамасы Түркияда аяқталған оқу-жаттығу жиындары аясында екі жолдастық кездесуде жеңіске жеткен болатын.

- Самат, Түркия жағалауында өткізген оқу-жаттығу жиынының қорытындысына қандай баға бересіз?

- Ұзақ уақыт қысқы үзілістен соң қайта жиналдық. Команда қатарында жаңа ойыншылар шақырылды. Қазақстан жастар құрамасының дайындығы мен командалық көңіл-күйі жақсы. Талғат Байсуфинов бастаған жаттықтырушылар штабы зор жұмыс атқарды. Футболшыларға қолайды жағдай жасалған. Қазақстан футбол федерациясына алғыс айтамын. Енді ресми кездесулерде оң нәтижеге қол жеткізу керек.

- Қазақстан жастар құрамасы осы жиында екі рет жеңіске жетті. Бұл табысқа қалай қол жеткіздіңіздер?

- Әр ойында жеңу үшін алаңға шықты. Украиналық «Оболонь-Бровар» мен грузиялық «Динамо» клубына қарсы ойнау оңай болмады. Қарсыластардың техникалық шеберлігі мен жылдамдығы жоғары. Алайда, оларға қарсылық білдіріп, жеңіске жеттік. Екі ойында қақпамызды голдан құтқарып қалғанымыз қуантады. Түркияда ең жоғары нәтижені көрсеттік. Алда маңызды матчтар бар.

- Наурыз айында 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Франиця және Люксембург құрамаларымен ресми матчтар өтеді...

- Құрлық біріншілігінің жолдамасына таласқымыз келеді. Ол үшін барлық қарсыластармен лайықты ойнауымыз керек. Жұлдыздар құралған Франция болсын, күтпеген жерден қарсылық білдіретін Люксембург болсын. Елімізде футболдың дамып жатқанын дәлелдегіміз келеді. Алаңға шығатын әр футболшы ел намысы үшін жанын салады деп сенемін.

Түпнұсқасы: kff.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер