Лория: Венгрия және Болгариямен кездесу ұлттық құрамаға өте пайдалы

Лория: Венгрия және Болгариямен кездесу ұлттық құрамаға өте пайдалы
news-banner7
mobile-news-top

​​​​​​​23 және 26 наурыз күндері Қазақстан құрамасы Венгрия және Болгариямен жолдастық матч өткізеді, деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты.

Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны Давид Лория Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында наурыз айында Венгрия және Болгария құрамаларымен өтетін жолдастық кездесу жөнінде пікірін білдірді.

- Давид, жақында Ұлттық құраманың Венгрия және Болгария құрамаларымен жолдастық матч өткізетіні белгілі болды. Бұл ойындардың біздің құрамаға көмегі қандай?

- Екі жолдастық кездесудің де біздің құрама үшін пайдасы зор деп айта аламын. Әсіресе, Ұлттық құрама өткен жылдың соңынан бері жиналмады. Қазіргі уақытта ойын жүйесін қалыпқа келтіріп, жасыл алаңда ойыншылар арасындағы өзара түсінікті орнату маңызды. Қарсыластардың деңгейі жоғары, олардың ойыншылары Еуропаның танымал турнирлерінде ойнайды. Венгрия және Болгариямен өтетін ойын Ұлттар Лигасына жақсы дайындалуға көмектеседі деп ойлаймын.

- Соңғы 2016 жылғы Еуропа чемпионатында Венгрия құрамасының ойыны таңдалдырды ма?

- Жоқ, бұл елде футбол соңғы жылдары айтарлықтай дамыды. Өз елінен Еуропаның мықты чемпионаттарына баратын жақсы футболшылар пайда болды. Венгрия құрамасы тәжірибе мен жастықтан құралған. Балаж Джуджак, Адам Салаи, Петер Гулачи және басқа да футболшылардың ойыны басты рөлді атқарады. Біздің құрама төрт жыл бұрын кеткен есені қайтаруы тиіс.

- Болгария құрамасы соңғы жылдары табысқа жете алмай жүр. Бейтарап алаңда өтетін ойыннан қандай нәтиже күтуге болады?

- Біздің құрама үшін ойын оңайға түспейтіні анық. Болгариямен де бірнеше жыл бұрын ойнадық. Қарсыластар жеңіс үшін жан аямайтыны белгілі. Осындай ойын қызықты болмақ.

- Болгария құрамасының сапында даралап көрсететін қандай футболшы бар?

- Қазандық «Рубин» клубының жаңа ойыншысы Ивелин Попов бірнеше жыл қатарынан өз елінің үздік ойыншысы атанып жүр. Оның көңіл-күйіне Болгарияның ойынын тәуелді деп санаймын. Мәскеудің ЦСКА ұжымында доп тебетін Георгий Миланов туралы естіп жүрміз. «Ертістің» бұрынғы бапкері Димитар Димитаров жаттықтыратын «Лудогорец» футбол клубының намысын қорғайтын бірнеше футболшы бар. Олардың ішінде Светослав Дяковты атап өтуге болады. Болгария құрамасының көптеген ойыншылары Еуропаның ең мықты турнирлерінің бірі – Италияның А сериясында ойнайды.

- Венгрия және Болгария сынды тәжірибелі қарсыластарға қалай қарсы тұруға болады?

- Ең бастысы – командалық рух. Әр футболшы жан-тәнімен жасыл алаңда өзі үшін, командаласы үшін күресуі тиіс. Қазақстан құрамасында ойынға бей-жай қарайтын футболшы жоқ. Қазақстан Ұлттық құрамасының барлық мүшелері Отан үшін, Ұлттық құрама жейдесі үшін әрқашан күресуге дайын. Барлығы наурыз айында Венгрияда өтетін ойындарды күтеді. Бұл ойынға шақырту алатын футболшылар жақсы нәтиже көрсету үшін бар күш-жігерін салады деп сенемін.

Түпнұсқасы: kff.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер